25 мамырда оқу жылы аяқталды. Жас түлектер үшін "Мектебіме мың алғыс" атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиынның бірі - Орал қаласында орналасқан №6 орта жалпы білім беретін мектептің қабырғасында ұйымдастырылды. Аталмыш оқу ордасын биыл 75 түлек аяқтады.

- Биыл КПП-ны есептегенде 1346 оқушы бітіріп жатыр. 50 сынып, екі КПП бар. 11 сыныпты 75 оқушы аяқтады. Төрт оқушы "Үздік аттестатқа" бітіріп жатыр. Бізде тоғызыншы сыныпта 98 оқушы аяқтады. 11 оқушы үздік бітіріп жатыр. (...) 6-28 мамырда қазақ тілінен емтихан болады. 9-11 сыныптарда мемлекеттік емтихан 29 мамырда басталып, маусымның 15-де аяқталады - дейді №6 орта жалпы білім беретін мектептің директоры Асылбек Қалымбет.

Салтанатты жиында мектеп түлектеріне алғаш қалам ұстатқан ұстаздары, 11 сыныпқа дейін жетелеген мұғалімдері мен ата-аналары ақжарма тілегін арнады. Мектеп түлектері де жанашырларына алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.

Мектеп бітіру кешінде қолына гүл шоғы мен шар ұстап, баласын қолдап келген ата-аналардың қарасы қалың. Олардың қобалжып тұрғанын бірден аңғаруға болады. Сондай жанның бірін сөзге тарттық. Жаннат Шоуменова екі жыл бұрын жанұясымен бірге Алматыдан қоныс аударған. Ұлы орыс сыныбына ауысып, мектеп бітіруде. Жаннат Абайқызының ұлы келешекте медицина мамандығында білім алмақ. Ол келесі айда ҰБТ тапсырады екен.

- Күні кеше ғана ұлым мектеп табалдырығын аттаған еді. Енді міне мектеп бітіріп жатыр. Осында жиналған бар ата-ана баласы үшін, перзентінің болашағы үшін уайымдайды. Мен де ана ретінде қобалжып тұрмын. Сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Балам сабақты жақсы оқиды. Ол келешекте дәрігер болғысы келеді. Ұлым Отанын қорғап, ұлтқа қызмет еткісі келеді. Ұлым ең үздік, перспективасы жақсы дәрігер болады деп үміттенеміз, - дейді Жаннат Шоуменова.

Салтанатты жиында мектеп түлектері вальс билеп, соңғы рет оқу ошағының қабырғасында өтетін тәрбие сағатына аттанды.

Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының таратқан ақпарына сүйенсек, биыл өңірде 8179 оқушы мектеп бітірді.Ал, тоғызыншы сыныпты 10440 бала аяқтады. Мектеп түлегінің 437-сі "Алтын белгіге", 448-і "Үздік аттестатқа" үміткер екен.