Мектеп баланы шын мәнінде қорғай алады ма?
Бүгін «Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбында өткен «Үкімет сағатында» депутат Н.Дементьева мектептегі қауіпсіздік мәселесі туралы айтты.

Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың сегіз айында еліміз бойынша екі мыңға жуық мектеп пен балабақша тексерілген. Соның жартысының көбінде – 800 астам нысанда қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталған,-деп хабарлайды Ult.kz.
— Бұл дегеніміз – мыңдаған бала күн сайын қауіпсіздігі формальді түрде ғана болған нысандарда білім алып жүр деген сөз. 165 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бірақ мақсат – айыппұл емес, әрбір баланың қауіпсіз ортада болуы емес пе , – дейді депутат.
Депутаттың сөзінше қазір елімізде шамамен сегіз мың мектеп полиция инспекторы жұмыс істейді. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Әсіресе, ауылдық жерлерде бір инспектор бірнеше мектепке бірдей жауапты. Ал, олардың мектепте тұрақты болуы – әлімжеттік, яғни, буллингтің де, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың да алдын алатын басты факторлардың бірі.
Дементьева мектеп психологтары қызметінің жағдайы да алаңдататынын айтып отыр. 2024 жылы пилоттық жоба аясында бар болғаны 11 психолог қана қайта даярлаудан өтті.
— Мыңдаған мектебі бар ел үшін бұл – тек сан емес, дабыл сигналы. Психологтың жүктемесі ауыр болса, инспектор жанында болмаса – бала сыныптағы, әлеуметтік желідегі, тіпті үйдегі агрессиямен жалғыз өзі қалады,— деді ол.
Бүгінгі күні 81 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс тіркелген, соның 425 суицидті насихаттайды.
— Бұл жай статистика емес, бұл қайғылы оқиғаларға жеткізбедің жағдайы. Егер әр мектепте білікті маман болып, баланың алғашқы дабылын дер кезінде байқаса – қаншама тағдырды сақтап қалушы едік. Буллинг, кибербуллинг, психологиялық қысым – бұлар абстрактті ұғымдар емес. Бұл – нақты балалардың өмірі. Сондықтан профилактика бір реттік шара емес, күнделікті жүйелі жұмысқа айналуы керек, —деп отыр депутат.
Депутат төрт түрлі ұсыныс айтты:
Біріншіден, мектеп тек білім беру емес, қауіпсіздік пен алдын алу тұрғысынан да мемлекеттің ерекше бақылау аймағында болуы тиіс.
Екіншіден, мектеп психологтары мен жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторларды даярлау бойынша мемлекеттік бағдарлама қажет. Әсіресе, ауыл мектептеріне басымдық беру керек.
Үшіншіден, цифрлық сауаттылық пен онлайн-қауіпсіздік мәдениеті оқу бағдарламасының міндетті бөлігіне айналуға тиіс. Балалар интернеттегі қауіптен қалай қорғалуы керегін білуі қажет.
Төртіншіден, барлық профилактикалық шаралар айқын, өлшенетін және мерзімді болуы керек – бейнебақылаудағы «соқыр аймақтарды» жоюдан бастап, мектеп қауіпсіздігінің бірыңғай стандартына дейін.
Депутаттың сөзінше бүгінде мәселе бағдарламалардың бар-жоғында емес – мектеп баланы шын мәнінде қорғай ала ма, жоқ па – осыда.
— Мектептегі профилактика – бұл ішкі істер министрлігінің немесе оқу-ағарту министрлігінің ғана шаруасы емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі.Егер біз ерте, алдын ала әрекет ету жүйесін құрмасақ, себеппен емес, тек салдармен күресіп жүре береміз.«Бала өзін қауіпсіз сезінетін жерде заңды, қоғамды және Отанын құрметтейтін азамат қалыптасады» дегенді ұмытпауымыз керек. Сонда ғана ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу туралы қағидат қоғамның өмір сүру нормасына айналады, — дейді ол.