Оралда ұстаздар құрметке бөленді

Оралда 5 қазан мұғалімдер күні қарсаңында «Атамекен» өнер ордасында салтанатты жиын өтті.

Оралда ұстаздар құрметке бөленді
Автордың фотосы

Оралда 5 қазан мұғалімдер күні қарсаңында «Ұстаздарға тағзым-ұрпаққа аманат» атты салтанатты жиын өтті. Оған саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ардагер ұстаздар мен мектептің жүрегі атанған мұғалімдер мен педагогтердің қатарын жаңадан толықтырған жас мамандар қатысты.

«Атамекен» өнер ордасында ұйымдастырылған мерекелік кеште аймақ басшысы Нариман Төреғалиев ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтады. Облыс әкімі педагогтердің еңбегін атап өтті, олардың қызметіне тоқталды.

—  Ұстаз – тек білім беруші ғана емес, ол – шәкірттің жүрегіне шырақ жаққан, өмір жолына бағыт-бағдар берген рухани жетекші. Сіздердің еңбектеріңіз – ел ертеңінің кепілі, ұлт болашағының іргетасы. Шәкірт жүрегіне ізгілік пен парасат дәнін сеуіп, олардың арманын қанаттандыру – әрқайсыңыздың биік борышыңыз. Мамандықты жүрек қалауымен таңдаған әр ұстаз – қажырлы еңбектің, сарқылмас шыдамның, шексіз сүйіспеншіліктің иесі. Сондықтан да ұстаз – қашанда құрмет пен сенімнің биік төрінде, — деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

Ұстаздар күні қарсаңында батысқазақстандық бірнеше педагог мемлекеттік наградамен марапаталды. Мемлекет басшысы облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеші-анасы Шынар Хамзина «Құрмет» орденімен, ал «Ерен еңбегі үшін» медалімен № 35 мектеп-лицей мұғалімі Сәлима Әлиеваны марапаттады. Оқу-ағарту министрі «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Мақсат» Орал жоғары медициналық колледжі», директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, математика пәні мұғалімін Аягөз Хамзинаны марапаттады.

Ал, салтанатты жиында математика мұғалімі Тасқала ауданының «Сәулет» мектеп-лицейі директоры Аққаным Бисалиеваны облыс әкімі «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Аққаным Талапқызы 37 жыл педагогикалық өтілі бар. Ұлағатты ұстаз еңбек жолын Тасқала ауданына қарасты Шежін 2 ауылында бастады. Ол өзі оқыған мектепте 17 жыл математика мұғалімі болып тер төккен. Кейін, қызметін «Сәулет» мектеп-лицейін ауыстырып, қызметі де сатылай өсіпті.

— Өте қуанышты сәт. Қобалжып тұрмын. Еңбегімді бағалап, ел президентінің атынан медаль алғаныма өте қуаныштымын. Бұл тек менің еңбегім емес, артымда үлкен ұжым тұр. Сол ұжымның еңбегі деп санаймын. Ұжымның еңбегі бағаланды деп есептеймін, — дейді Тасқала ауданының «Сәулет» мектеп-лицейінің директоры, математика мұғалімі Аққаным Биселиева.

Батыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда білім сапасын арттыру үшін  26 мектеп пайдалануға берілді. Оқу орындары 7526 баланы оқытуға арналған.   КПО компаниясының әлеуметтік инвестициялық жобасы аясында – 1344 орындық 16 мектеп, бюджет және арнайы қор есебінен – 1982 орындық бес білім беру нысаны, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында – 4200 орындық бес оқу ордасы пайдалануға берілді.

Жаңа оқу жылында Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында 600 орындық заманауи «Келешек мектебі» және Казталов ауданы Қоныс ауылында 60 орындық шағын мектеп және Орал қаласындағы 400 орындық №8 мектеп есігін айқара ашты.

Білім басқармасының таратқан ақпарына сүйенсек, биыл 11 мектептің, атап айтқанда,  «Келешек мектептері» жобасы аясында – төрт мектеп, ауылдық жеті мектептің құрылысы жоспарланыпты.

Батыс Қазақстан облысында  381 мектеп (оның ішінде 14 жеке мектеп), 565 мектепке дейінгі ұйым, 35 колледж және 50 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді.Өңірде  15 317 педагог жас ұрпаққа сапалы білім беруде. 

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp