Өнерге құштар жастар ORTA Production-де тоғысты

Өнерге құштар жастар ORTA Production-де тоғысты

Өнерге құштар жастар ORTA Production-де тоғысты

Оралдық ORTA Production 26 шілдеде өтетін Orta fest шарасына қызу дайындалып жатыр. 

Өткен жылдың желтоқсанында Оралда ORTA Production атты продюссерлік орталық қызметін бастады. Қазіргі таңда продакшн алты әншімен жұмыс істейді. Өнер ордасының құрылтайшысы - Мирас Қарабинов. Кәсіпкер бірнеше жылдан бері қайырымдылықпен айналысады. Көпке көмегі тиген ол мүгедектігі бар жандарға түрлі іс-шара ұйымдастырған кезде әншілердің тапшы болғанын айтады. Осы мәселе оны көп уақыт толғандырып, өнерлі өрендердің басын қосып, оларға бағыт-бағдар беретін продакшн құруға ой салып, осы бағытта жұмыс істеуге түрткі болыпты. Идеяны жүзеге асыру үшін біраз тер төгіп, өнерге жақын жастарды іздепті. 

2023-2024 жылдары өнерлі жастардың басын қосатын продакшн құруды ойладым. Ойым сәтті жүзеге асты. Сол кезде өнерге жақын, сахнада өнер көрсетуді армандаған бір топ жаспен таныстым. Олар Махамбет университетінде музыкалық факультетте білім алған. Бір-бірін жақсы таниды. Өнерге икемі бар. Қазіргі таңда продакшнда алты әнші бар. Олар ән жазып, клип түсіріп жатыр. Ол үшін арнайы кәсіби техникамен жабдықталған студия жасақталды. Әншілердің толыққанды жұмыс істеуі бар жағдайды жасадық. Әнді сапалы жазу үшін білікті мамандарымыз да бар, - дейді ORTA Production продюссері Мирас Қарабинов. 

ORTA Production өткен жылдың желтоқсанында «Құрылтай» атты ән кешін ұйымдастырыпты. Киелі сахнаға енді шыққан жас әншілерді қалың тыңдарманға таныстырып, елдің батасын алған. Биыл продакшн әншілері Батыс Қазақстан облысында сапарлап, әрбір ауданда концерт беріпті. 

ORTA-ның алға қойған мақсаты көп. Жас әншілер Алматы қаласында арена жинап, кеш ұйымдастыруды армандайды. Ол үшін лейблдің әрбір әншісі елге танымал хит жазуы керек. Олар әрбір туындысын әлеуметтік желілер мен түрлі платформаға орналастырып, танымал болуы үшін еңбектенуде. Келешекте әншілер өзге тілде ән жазып, көрші елдерде концерт беруден бас тартпайды. Ол үшін өнер иелері біраз тер төгіп, ізденбек. 

Продюссер Мирас Қарабинов ORTA Production-де темірдей тәртіп орнағанын тілге тиек етті. Ол дарын иелерінің зиянды әдеттерден аулақ екенін атап өтті. Жастар спортты жанына серік қылған. Жас әншілер әндерінің сөзі мен әнін өздері жазып, өңдейді. Олар түрлі жанрда ән айтып, сахнаға эксперимент жасаудан қорықпайды. 

ORTA Production-да Айша Қапанова, Тұңғиық, Асылжан Тілекқабылов, Еркебұлан Сатыбалдиев, Әділ Ахмет, Даниял Тілекқабыл әнші жұмыс істейді. Әншілердің ең үлкені 25 жаста болса, кішісі 20 жаста екен. Алты айдың көлемінде екі кавер, екі ән жазған Даниял Тілекқабылмен тілдестік. Даниял өнерде «Дукай» лақап атымен танымал. Жас әнші әріптестерінің өнерін жоғары бағалайды. 

Біз - бір ортаның адамдарымыз. Команда құрылмай тұрып, бір-бірімізбен жақсы араласқанбыз. Ең қызығы - іштегі барлық әншілер Бөкей Ордасының тумасымыз. Продюссеріміз де Бөкей Ордасынан. «Орда» деген топ болғасын, бір ортаның адамдары деп «Орта» деп аштық. Топта бір-бірімізге көмектесіп, бірге ән жазамыз. Бірақ әрбір әнші - жеке солист. Бізде Сағынған Қоныс деген саунд-продюсеріміз бар. Ол барлық аранжировканы жасайды. Кейде бір әнді бір күнде жазып тастаймыз. Ал, кейде бір әнді айлап, екі айлап жазатын кезіміз де болады, - дейді ORTA Production әншісі Даниял Тілекқабыл. 

ORTA Production-де әзірге жалғыз әнші ару бар. Ол - Айша Қапанова. Ол өткен жылы продакшнда жұмыс істеуге шақырту алыпты. Айша жастайынан өнерге жақын болған. Жас дарын сахнаны жақсы көреді. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде түрлі байқауға қатысып, ән шырқап, мол тәжірибе жинақтапты. Мамандық таңдаған тұста да өмірін өнермен байланыстырған. Айша сахнада жүргім келеді деп шынын айтты. Студенттік шағында конкурсқа арнап, өлең жазып көріпті. Кейін, бұл ісі көңілінен шығып, қазір үш әні арнайы платформаға жүктеліпті. Айшаның туындысы «Ойлан» деп аталады. Әні арқылы ойлануға шақырған Айша әрбір тыңдарманына мотивация беруді мақсат тұтқан. Алға қойған арманды орындау үшін, түрлі қиындыққа төтеп беріп, қасқайып мақсатқа жетуге үндейді. 

Университетте «мәдениет және өнер» факультетінде оқыдым. Өнер саласында жүрсем деген мақсат болды. Сол жолмен жүріп келе жатырмын. Уақыт өте келе сенімділік пайда бола бастады. Сенім арта түскен сайын, өнерлі жандардың ортасына тап болдым. Сол кезде: «Мен қайда жүрсем де сахнада жүрсем»,- деген ұстанымым беки түсті. Университет қабырғасында оқып жүргенде төрт жылдай осы мақсатымды орындау үшін біраз тер төктім. Ең қызығы ата-анамның өнерге еш қатысы жоқ. Олар - іштей шығармашылық адамдары. Бірақ өнерге қызықпапты. Отбасымда алғаш ағам өнер жолын, киноға түскісі келіп, бастады. Менің ән айтуға құштар болдым. Сіңлім де өнер жолын қуды. Соңғы курста осында продакшнға шақырды. Мен қуана келістім, - дейді ORTA Production әншісі Айша Қапанова. 

Айша тыңдармандарын қуанту үшін үнемі ізденісте жүреді. Алғашқы үш әнін жазып, тыңдарманға ұсынғаннан кейін, біраз уақытын жаңа дүниені үйренуге жұмсапты. Жас әнші рэпке әуес. Соңғы әндерін осы жанрда жазған. Сахнадан жүрсем, арманым жоқ деген арудың алға қойған мақсаты көп. Ол сапалы әрі саналы ән арқылы тыңдарманның жүрегіне жол тапқысы келеді. Замануи стильді таңдаған өнерпаз хореографияға ерекше көңіл бөледі. Жаңа әндерін сахнаға билеп, өнер көрсетпек. 

ORTA Production 26 шілдеде өтетін Orta fest атты шараға дайындалуда. Айтулы шара Орал қаласында Петр Атоян атындағы стадионда өтеді. Бұл шара -Ақжайық өлкесіндегі алғашқы фесттің бірі болмақ. ORTA Production артистері жаңа әндерін таныстырады. Оралда өтетін фестте 6ELLUCCI, Artur, Bakha~Bereek, Zenis, ALPHA өнер көрсетеді.  Билет құны 10 мың теңге. Толық ақпаратты ORTA Production инстраграм парақшасы мен 8-776-005-11-00 нөмірінен біле аласыздар. Осы жаздың алғашқы фестінде жолыққанша!

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp