5 часов назад

Оралда инфрақұрылым желілері жаңартылуда

Жаңғырту жұмыстары кәріз сорғы станциясы, жылу магистралінде атқарылуда.

Оралда инфрақұрылым желілері жаңартылуда
Орал қаласы әкімдігінің видеосынан стоп-кадр

Облыс орталығында инфақұрылым желілері жаңғыртылуда деп Орал қаласының әкімдігі хабарлады. Қазіргі таңда 18а кәріз-сорғы станциясы қайта жаңғыртылуда. Оның қуаттылығы тәулігіне 32 мың текше метрді құрайды. Бұл нысан 150 мыңға жуық тұрғынға арналған. Әкімдік жаңғырту жұмыстары аяқталған соң аталған аудандағы кәріз жүйесінің жұмысы айтарлықтай жақсарады деп хабарлады. Қазір бетон құю, қабылдау камерасын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл кезеңнен кейін сорғы құрылғылары орнатылмақ.

Бұдан өзге, екінші жылу магистралінің (ТМ-2) жаңғырту жұмыстары атқарылып жатыр. Магистраль Жылу электр орталығынан «Сити центр» ауданы аралығын қамтиды. Соңғы жылдары аталмыш учаскеде құбырлардың тозуының кесірінен жиі апат болыпты. Соның салдарынан тұрғындарды жылумен қамтудың сапасы да төмендеген. Жаңғырту жұмыстары кезінде он мың тұрғын тұрақты әрі сапалы жылумен қамтылмақ. Мердігер компанияның хабарлауы бойынша жаңғыртылатын учаскеде қажетті материалдар жеткізіліп, жаңа құбырлар орнатылып жатыр. Жоба жылу маусымы басталғанша толықтай аяқталуы тиіс.

Қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев Сергей Тюленин көшесі мен Әбілқайыр хан даңғылының қиылысында орналасқан диаметрі 600 милиметр болатын темірбетон кәріз коллекторында орын алған апатқа байланысты қалпына келтіру жұмыстарының бас-аяғымен танысты. Қазіргі таңда құбырлар толықтай орнатылып, енді асфальт-бетон жабындысын қалпына келтіру кезеңі басталмақ. Мердігер компания бір жұманың ішінде жұмысты аяқтауды жоспарлап отыр екен.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp