Орал қаласында 18 наурыз ұлттық киім күніне орай ауқымды сән көрсетілімі өтті. Іс-шарада 11 дизайнер тырнақалды туындысын бұқараға паш етті. Мұндай ауқымды шара облыс орталығында алғаш рет ұйымдастырылды.

«Жайық Арена» спорт кешені ұлттық нақышта безендіріліп, киім үйлер тігілген. Ғимараттың ішінде ине шаншар орын болмады. Қазақтың ұлттық киімін киіп келген жандардың қарасы қалың болды. Ғимараттың фойесінде сән үйлері тіккен киімдер мен қолдан жасалған бұйымдар көрмеде қойылды. Ұлттық нақышта жасалған бұйымдарды тамашалаған жандар таңданысын жасырмады.

– Бүгінгі шарамызға Батыс Қазақстан облысына танымал дизайнерлер мен ұлттық киімді әлемге таныстырып, паш етіп жүрген брендтер қатысып жатыр. Сонымен қоса Ақтөбе қаласынан да қонақтарымыз келіп жатыр. Өнер саласының маманы ретінде ұлттық киімнің халықтың кең қолданысына пайдалану үшін осындай шараларды жиі ұйымдастыру дұрыс деп есептейміз. Сондықтан бұл шара ұлттық киімді ежелден келе жатқан сақ дәстүрінің барлық элементтерін қазіргі заманауи бағытпен байланыстырып, қазіргі жастар мен орта буынның көзқарасына сай киім үлгілерімен дизайнерлер дайындаған туындыны сахнада ел алдында көрсету мақсатында ұйымдастырылды, – дейді Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медет Мерғалиев.

Ұлттық киім күнінде ұйымдастырылған сән көрсетілімінде Айбөбек Гатауова да қатысты. Дизайнер он жылдан астам уақыт бойы киім тігумен айналысады. Ол бүгінгі сән көрсетіліміне қазақы нақышта тігілген туындыларын ала келіпті. Айбөбектің киімдерін күнделікті өмірде де замануи стильмен үйлестіріп киюге болады. Шебер әрбір киімнің бөлшектерін үйлестіру үшін біраз уақыт жұмсайтынын тілге тиек етті.

– Ұлттық киім күніне орай осындай мәдени іс-шараның өтіп жатқанына қуанамын. Бұл– біз сияқты дизайнерлерге үлкен мүмкіндік. Біздер замануи үлгідегі ұлттық киімдерді тігеміз. Тек сахналық немесе іс-шараларға арналған киімдер емес. Киімдерді күнделікті өмірде кию үшін тігеміз. Қазіргі таңда этникалық киімге тапсырыс көбейіп келеді. Тек Қазақстанның қалаларынан емес, алыс-жақын шетелде тұратын қазақтарда тапсырыс береді. Ұлттық стильде тігілген классикалық киімдерге тапсырыс көп, – дейді дизайнер Айбөбек Гатауова.

Ұлттық киім күніне арналған сән көрсетілімінде «Ұлт рухы: тарих пен өрнек» атты театрландырылған көрініс қойылды. Сахнада өнерпаздар көне дәуір рухы - «Көк бөрі» бейнесіндегі хореографиялық композициясын қойып, Сақ дәуірі - «Алтын адам» мен «Тақсай ханшайым» бейнесі, көне өркениет көрінісін бейнеледі. Олар «Қазақ батырлары» композициясында қазақтың жігіттері және қазақ хандарының бейнесін сомдады.

Тарихпен астасып ұйымдастырылған іс-шара көптің көңілінен шықты. Көрермендер отандық дизайнерлердің туындыларын тамашалап, телефонға таспалап отырды. Іс-шараның ұйымдастырушылары ұлттық өнерді дамытуды көздейтін мазмұнды әрі тағылымы мол шаралар болашақта жалғасын табады деп мәлімдеді.