Оралда жеке мектептер мемлекеттік қолдауды ала алмай жүр
Оралда екі айдан бері жекеге тиесілі мектептер әрбір балаға арналған жан басына шаққандағы қаржыландыруды ала алмай келеді.

Оралда бала оқытып жүрген жеке мектептер жан басына шаққандағы қаржыландыруды ала алмай жүр. Жекеменшік білім беру ұйымдары сәуір мен мамырдың ақшасы әлі төленбегенін хабарлады.
— Ай сайын жан басына шағылатын қаржы осы уақытқа шейін уақытылы, тұрақты төленіп келді. Биылғы жылдың ақпанынан бастап жеке мектептерге төленетін қаржы жергілікті бюджетке ауысты. Қазір бізде төлену процесі бойынша үлкен проблема болып жатыр. Кешіктіріліп төлеу. Біздер қаңтар, ақпан, наурыз айының ақшасын тек сәуір айында алдық. Сәуір, мамыр айының ақшасын әлі ала алмай отырмыз. Тек ғана біз емес, қаладағы он шақты жеке мектептердің барлығы бірдей ала алмай отыр, - дейді жеке мектептің директоры Абылай Рамазанов.
Бұдан бөлек, облыс орталығында жаңадан ашылған жеке мектептер облыстық білім басқармасына өтініш тапсырып, жан басына шаққандағы қаржыландыруға іліге алмай жүр. Өткен жылдары лицензиясы бар жеке білім ордалары желтоқсанда немесе қаңтарда өтініш тапсырып, мемлекеттік қолдауды алып келген екен.
— Өңірімізде ашылып жатқан жаңа мектептердің қатары жыл артқан сайын артуда. 2024-2025 оқу жылының өзінде қаламызда үш бірдей жаңа мектеп ашылды. Жыл сайынғы дәстүр бойынша жаңадан ашылған мектептерге жыл ортасында, осы бала басына шаққандағы қаражатты алуға мүмкіндік болатын. Яғни, мемлекет тарапынан жаңадан ашылған мектептерге тікелей договор жасауға мүмкіндік беріп, олар жыл ортасында ашылып, лицензиясын алса да мемлекеттік қаржыға ілігіп жүрген. Ал биылғы оқу жылында бір қиындық болып тұрғаны осы жаңадан ашылған мектептерге жан басына шаққандағы қаражатты алуға мүмкіндік берілмеді. Ешқандай мүмкіндік берілмеді. Ол мектептердің барлығы ешқандай мемлекеттің қолдауынсыз жұмыс істеп шықты. Оларға әлі де осы жаз айларында ашылу мүмкіндігі жоқ сияқты айтылды. Жергілікті білім басқармасынан, жергілікті билік тарапынан деуге болады ,- дейді жеке мектептің директоры Абылай Рамазанов.
Ал 2024-2025 оқу жылында ашылған жеке мектептер мұндай қолдаудан қағылыпты.Соның кесірінен жеке мектептің құрылтайшылары несие алып, қарызға батқандарын жасырмайды. Жан басына шаққандағы қаржыландыруға қолы жетпей жүрген мекеменің бірі – «Qadam sсhool». Мектептің құрылтайшысы балабақша бизнесін сатып, мұғалімдеріне жалақы мен еңбек демалысына төленетін ақыны және салықты төлегенін айтады. Білім ордасында 66 оқушы тәлім алыпты. Бала тәрбиелеу ісімен шұғылданатынын кәсіпкер «Даму» кәсіпкерлерді қолдау арқылы мектеп ашуға несие рәсімдепті. Алайда мекеме ақшаны кешіктіріп төлеуінің кесірінен, бизнес субьектісі несиенің толық пайызын төлеп отырғанын жасырмады.
— Он жылдан астам уақыт бойы балабақша ашып, бала тәрбиелеп келемін. 2024 жылы мектеп ашып, жұмысымызды бастадық. Бизнес жоспар бойынша мемлекеттік қаржы қарастырылған болатын. 381-бұйрыққа сәйкес әр лицензия алған мектеп мемлекеттік қаражат алу үшін өтініш беруге құқылы. Лицензиямызды 2024 жылдың қараша айында алдық. Бүгінгі күнге дейін бұл қаржыны алу үшін өтініш беруге мүмкіндік болмай отыр. Субсидия болмағасын, мемлекеттік тапсырыс болмағанда әрбір бизнесменге өте қиын. Сондықтан маған қосымша қаражат керек болды. Қаржы іздеу үшін кредит алдым. Тіпті өзімнің жұмыс істеп тұрған бір балабақшамды сатуға тура келді. Себебі жазда мұғалімдерге отпускі төлеу, еңбекақы төлеу үшін садигімді сатып, салық төледім. Келісімшартқа әлі отырған жоқпыз. 381-бұйрық бойынша бірінші маусымға дейін мемлекет хабарландыру беру керек болатын. Бірінші маусым өтіп кетті. Соның нәтижесінде келесі оқу жылында да жекеменшік білім беру ұйымдары қаражатсыз қалуымыз мүмкін, — дейді «Qadam sсhool» жеке мектебінің құрылтайшысы Айнұр Сұлтанова.
Облыстағы жеке мектептердің мәселесі жайлы білмек мақсатта білім басқармасына «Мой город» порталының редакциясы хат жаздық. Жеке мектептердің саны, қанша білім беру ұйымдарының лицензиясы барын, жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселесін сұрадық. Білім басқармасы былай деп жауап берді.
Батыс Қазақстан облысы бойынша 2024-2025 оқу жылында Ұлттық білім деректер қоры деректері бойынша 12 жекеменшік мектеп тіркелді:
- Философиялық бағыттағы жеке жалпы білім беретін мектеп,
- «Ақпараттық технологиялар мектеп-лицейі» мемлекеттік емес мекемесі
- «Хисмет Қапанов атындағы ОХГ» оқу-тәрбие кешені» ЖШС,
- «ABYROI School Oral» ЖШС,
- «Scandic International School ЖШС»,
- «SANA SCHOOL» ЖШС,
- «UBT school Oral» ЖШС,
- «Зейін университеттік мектебі» ЖБҰ,
- «Jaiyq Daryny» элиталық бастауыш мектеп,
- «OQU SCHOOL» ЖШС,
- «QADAM_SCHOOL» ЖШС,
- «Мозаика-Уральск» ЖШС.
Соның ішінде бастауыш мектептер – алты (564 оқушы), орта мектептер – алты (1780 оқушы).
— Контингенттің болмауына байланысты екі жекеменшік мектеп жұмыс істемейді («Философиялық бағыттағы жеке жалпы білім беретін мектеп» және «Мозаика-Уральск» ЖШС мектебі). Сонымен қатар, 282 оқушы контингентімен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Орал қаласындағы «Республикалық физикалық-математикалық мектеп» КеАҚ филиалы жұмыс жасайды. Барлық жеке мектептер облыс орталығы – Орал қаласында орналасқан. 2024-2025 оқу жылында жекеменшік мектептерде 2344 оқушы білім алды. 11 жекеменшік мектепте білім беру қызметін реттейтін лицензиялары бар, биылғы жылы тіркелген бір жеке мектеп («Мозаика-Уральск» ЖШС) білім беру қызметіне лицензиясын әлі алған жоқ (жұмыс жасамайды). Жекеменшік мектептерде 255 педагог қызмет жасайды. Облыс бойынша 12 жекеменшік мектептің, 2 219 орынға сегіз мектеп республикалық бюджет есебінен жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру шеңберінде қаржыландырылады, - делінген Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының жауабында.
Облыстық білім басқармасының жауабына сүйінсек, сегіз жекеменшік мектепте 2219 балаға мемлекеттік тапсырысты орналастыруға барлық қажеттілік 1 469, 7 миллион теңгені құрады.
— Оның 605,05 миллион теңгесі республикалық бюджеттен бөлініп, қосымша қажеттілік 864,6 миллион теңге. Бұл есептеулер ағымдағы жылы контингенттің өсуін есепке алмағанда, 2024 жылғы желтоқсанда алынған жекеменшік мектеп оқушыларының контингенті есебімен негізделген. Қазіргі таңда, республикалық бюджеттен келіп түскен 605 миллион теңгесі толығымен жекеменшік мектептерді қаржыландыру үшін "Қаржы орталығы" АҚ-на аударылды. Бұл қаражат 2025 жылдың қаңтар-наурыз және ішінара сәуір айындағы берешекті өтеу үшін жеткілікті болды. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен ағымдағы жылдың 15 ақпанында өткен хаттамасына сәйкес 2025 жылы мемлекеттік тапсырыс орналастырылған жекеменшік мектептерді жергілікті бюджет есебінен жете қаржыландыру туралы тапсырмасы берілді. Қазіргі таңда, жаңадан ашылған және алдағы оқу жылында ашылатын жеке мектептер санының көбеюіне байланысты көптеген өтніштер келіп түсуде. Осыған байланысты 2025 жылға жеке мектептерде мемлекеттік тапсырыс орналастыруға қосымша қаржы көлемі қайта есептелінді, — делінген білім басқармасының жауабында.
Білім басқармасы таратқан ақпарға сүйенсек, орта білім беру ұйымдарының жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды есептеу алгоритмі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен регламенттелген. Есептеулер білім алушы оқитын сыныпқа (жалпы білім беретін сыныптарда, оның ішінде АББ (инклюзив) арнайы (түзету) сыныптарында) 1-4 сыныпта 454 276 теңге, 5-9 сыныпта 613 968 теңге, 10-11 сыныпта 730 025 теңгені құрайды.
Қызметіне жаңадан кіріскен жеке мектептер мемлекеттік органмен келісімшартқа отырып, жан басына шаққандағы қаржыландыруға ие болады. Алайда, кәсіпкерлердің сөзіне сенсек, биыл әлі өтініш қабылдау басталмапты. Білім басқармасы министрліктің бұйрығына сәйкес «Қаржы орталығы» уәкілетті органның операторы болып отыр. Аталмыш оператор бір жылдың ішінде өтініштерді қабылдайды екен.
— Тиісті оқу жылына арналған жекеменшік мектептер тізбесіне енгізу үшін облыс аймағындағы оқушы орындарының тапшылығын ескере отырып, жаңа жекеменшік мектептер ашу қажеттілігін растайтын талдау жүргізіледі. Жаңа жекеменшік мектептерден өтініштерді қабылдау жергілікті атқарушы органдардың келісімі болған жағдайда ғана мүмкін болады. Бұл ретте қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен көзделуге тиіс. Алдағы уақытта жеке мектептерді қаржыландыру бойынша мәселелер туындамас үшін білім беру саласындағы заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Заңнамаларға өзгерістер енгізілген жағдайда жергілікті бюджет есебінен қосымша қаражат қарастыру үшін бюджеттік өтінім кезекті бюджеттің нақтылануына жолданады, — дейді Батыс Қазақстан облысы білім басқармасы.
Оралда жұмыс істейтін жеке мектептердің директорлары мен құрылтайшылары жан басына шаққандағы қаржыландыру болмаса оқу ақысын екі есеге қымбаттайтынын хабарлады. Ақысы қымбат мектепке ата-ана баласын оқыта қою екіталай. Мемлекеттің демеу қаржысынан қағылып отырған бизнес субьектілері облыстық білім басқармасына арнайы өтініш қалдырыпты. Кәсіпкерлер мәселе шешілмесе сотқа жүгінетінін хабарлады.
Медет Медресовтың фотосы