Жетім қызды бірнеше адам зорлап, видеоға түсірген
Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылында бірнеше адам жетім оқушы қызды зорлаған.

Онымен қоймай олар қыз баланы зорлағанын видеоға түсіріп, интернетке таратып жіберген. Ата-аналардың сөзінше, бұл оқиғаны өткен аптадан бері жауып тастамақ болған, деп хабарлайды Dalanews.kz
Жамбыл ауданының білім бөлімі бұл жайтқа қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, мектеп директоры кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған оқиға туралы деректі дереу хабарлаған.
Қазіргі уақытта Қарғалы ауылында орта мектеп оқушыларының қатысуымен болған оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Жамбыл ауданының білім бөлімі таратқан ақпаратқа сәйкес, мектеп директоры 2025 жылдың 13 қазанында 2025 жылдың 21 қыркүйегінде, жексенбі күні, сабақ уақыты мен мектеп аумағынан тыс, жеке үйде кәмелетке толмағандардың қатысуымен оқиға болғанын білген. Бұл туралы хабардар болған соң, директор дереу құқық қорғау органдарына ақпарат берген.
Аталған дерек бойынша тергеу органдары ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабының бірінші бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Оқушылармен жеке профилактикалық және түсіндіру жұмыстары атқарылуда. Облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары зардап шеккен жасөспірімге көмек көрсетіп жатыр.
— Мектеп директоры дұрыс әрекет етті, ол полицияға дереу хабарлауға міндетті болатын. Қазір тергеу органдары қылмыстық іс қозғады, барлық дерек анықталады. Дегенмен, біз қоғамды жалған ақпарат таратпауға және балаларға қатысты тақырыптарды хайпқа айналдырмауға шақырамыз. Баланың тағдыры мен жағдайы бәрінен маңызды, – деді Жамбыл ауданының білім бөлімі басшысы Светлана Алтынбекова.
Айта кету керек, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, прокурордың рұқсатынсыз сотқа дейінгі тергеу деректерін жария етуге тыйым салынады. Ал ҚР Қылмыстық кодексінің 423 бабы мұндай бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 274-бабында қоғамдық тәртіпті бұзу немесе елеулі зиян келтіру қаупін тудыратын жалған ақпарат таратқандарға жауапкершілік көзделген.