3 қарашадан бастап «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына құжат қабылдау басталады
Ипотекалық бағдарламаға құжаттарды қабылдау 1 желтоқсанға дейін жалғасады.
 
				 
					Қазақстанда «Наурыз» ипотекалық бағдарламаға құжат қабылдау үшінші қарашадан басталады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлайды. Құжаттарды бірінші желтоқсанға дейін тапсыруға болады. Өтінім беру толықтай онлайн жүзеге асады.
«Наурыз» ипотекалық бағдарламасына «Отбасы банкінің» салымшылары мен есепшотында екі миллион теңгесі бар кез-келген қазақстандық қатыса алады. Тек өзіңіз және отбасы мүшелерінің басында бес жылға дейін баспанасы болмауы шарт.
— Бағдарлама шарттарына сәйкес, таза әрленген жаңа тұрғын үйді сатып алу үшін бастапқы жарна он пайыз, ал әрленбеген немесе қайталама тұрғын үй үшін бастапқы жарна 20% басталады. Сыйақы мөлшерлемесі әлеуметтік осал топтар үшін жеті пайыз (ЖТСМ 7,1%), басқа қатысушылар үшін тоғыз процент (ЖТСМ 9,4%) есептеледі. Несие сомасының ең жоғары мөлшері өңірлер үшін — 30 миллион теңге, ал Астана мен Алматы қалалары үшін — 36 миллион теңге көлемінде белгіленген, — деп хабарлады өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.
Несие мерзімі 19 жылға дейін созылады. Бағдарлама аясында Астана, Алматы және облыс орталықтарында тек бірінші нарықтағы (жаңа) тұрғын үйлерді сатып алуға болады. Ал моноқалалар мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін бірінші және екінші нарықтағы үйлер ұсынылады. Барлық тұрғын үй нысандары Baspana Market порталы арқылы таңдалады.
 
                             
										 
									 
            		 
            		 
                             
            		 
            		