Атырау мұнай өңдеу зауыты 2025 жылдың бес айында жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттырды

Атырау облысына жұмыс сапары аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «Атырау мұнай өңдеу зауытында» (АМӨЗ) болып, кәсіпорын қызметіне қатысты өндірістік кеңес өткізді.
ҚМГ басшылығына биылғы бес айдағы зауыт жұмысының алдын ала қорытындылары ұсынылды. Осы кезеңде 2,39 млн тонна шикізат өңделді. Зауыт жоспарлы көрсеткіштерді асыра орындап, жеңіл мұнай өнімдерінің негізгі түрлері бойынша оң динамиканы көрсетті. Атап айтқанда, дизель отынын өндіру 786,1 мың тоннаға дейін өсті, бұл жоспарланған көлемнен 66,7 мың тоннаға (немесе 9%-ға) артық. Сұйытылған мұнай газын шығару жоспары да асыра орындалып, оның өндірісі 105,5 мың тоннаға жетті (өсім 12%).
Барлық маркалы автомобиль бензинін шығару көлемі 775,2 мың тоннаны құрады. Бұл ретте зауыт АИ-95 жоғары октанды бензин өндірісінің айтарлықтай өскенін көрсетіп, 140,8 мың тонна шығарды, бұл жоспардан 16%-ға артық. Сондай-ақ бензол өндірісі едәуір өсіп, жоспардағы 7,8 мың тонна орнына 24,6 мың тонна болды. Сонымен қатар кәсіпорын мазут өндірісін қысқартты, бұл неғұрлым құнды жеңіл мұнай өнімдері өндірісін ұлғайту стратегиясына сай келеді.
Зауыт жұмысының сапа көрсеткіштері де жақсарды: мұнай өңдеу тереңдігі 89%-ға жуықтады, ал жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 77%-ға дейін жетіп, жоспардан асып отыр.
А.Хасеновке негізгі жобаларды іске асыру, оның ішінде баяу кокстеу қондырғысының реакторларын ауыстыру мен жөндеу, электр беру желісі мен газ турбиналы электр станциясын салу, сондай-ақ үш жылдық жөндеуаралық кезеңге көшу жөнінде есеп берілді. Алдағы жоспарлы алдын алу жұмыстарына дайындық мәселесі талқыланып, Операциялық жетілдіру бағдарламасын іске асыру барысы, сондай-ақ мұнай коксын қыздыру қондырғысының қазіргі жағдайы қаралды.
Пентан-гексан фракциясын және газ конденсатын өңдеуге арналған тарифті белгілеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Зауыт мамандары Tazalyq экологиялық жобасының іске асырылу барысы және кешенді экологиялық рұқсат алу процесі туралы баяндады.
Кеңес қорытындысы бойынша А.Хасенов АМӨЗ басшылығына жеңіл мұнай өнімдерінің өндірісін арттыру, өндірістік тиімділікті жоғарылату, сондай-ақ зауыттың тұрақты, қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді жалғастыруды тапсырды.