5 часов назад

Қазақстанда 4 мыңға жуық дәрігер тапшы

2023 жылмен салыстырғанда дәрігерлердің тапшылығы 20 пайызға қысқарған.

Қазақстанда 4 мыңға жуық дәрігер тапшы
Фото: pexels.com

Қазақстанда 3986 дәрігер тапшы. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 20 пайызға азайған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде төрт мыңнан астам медбике тапшы.  

Бұл өткен жылдармен салыстырғанда жеті пайызға төмендепті. Қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 275 мың медицина қызметкері жұмыс істейді. 

Оның 83 мыңнан астамы дәрігер, 191 мыңға жуық орта медициналық маман екен. Министрлік кадр тапшылығын әсіресе ауылдық жерде шешу үшін тұрғын үй мен әлеуметтік кепілдіктер беру, қаржы беріп ынталандыру жұмыстарына кірісті.

— Соңғы үш жылда біз медицина кадрлары санының өсуі бойынша тұрақты оң динамиканы байқап отырмыз. Дәрігерлер саны екі пайызға, ал орта медицина қызметкерінің саны 0,5 пайызға өсті. Бүгінгі таңда Қазақстанда медициналық кадрлармен қамтамасыз ету ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткіштерінен асып түседі. Бұл іске асырылып жатқан кадр саясатының тиімділігін растайды, — дейді Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Қазіргі таңда ауылдық жерге бес жыл немесе одан көп мерзімге жұмысқа шығатын тапшы дәрігерлерге сегіз жарым миллион теңге мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді. Қазіргі таңда 254 дәрігер жалпы соммасы 2,1 миллиард теңгедан астам жәрдемақы алыпты.

Фото: pexels.com

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp