Батысқазақстандықтардың 85% мемлекеттік тілді меңгерген
5 қыркүйек — Қазақстан халқы тілдері күні. Мерекеге орай облыс орталығында тіл жанашырлары, қоғам белсенділері, ғалымдар бас қосты.

5 қыркүйекте қазақстандықтар тілдер мерекесін тойлайды. Көпұлтты Қазақстан үшін бұл мейрамның мән-маңызы зор. Елде тиісті қаулы 2017 жылы қабылданған еді. 5 қыркүйекте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келді. Ол — қазақтың ақыны, аударшы, ғалым. Мемлекет қайраткері қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, ұлттық жазудың негізін қалады.
Қазақстан халқы тілдері күні еліміздің түпкір-түпкірінде кеңінен тойланады. Орал қаласында да «Тіл-тұтастық туы» атты жалпыхалықтық тіл фестивалі ұйымдастырылды. Салтанатта іс-шараға тіл жанашырлары, қоғам белсенділері, филиолог ғалымдар мен жастар қатысты. Оның мақсаты-мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау. Биылғы фестивальдің ерекшелігі Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын қамтыған.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасының таратқан ақпарына сүйенсек, өңір тұрғындарының 85 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген. Тұрғындардың басым көпшілігі арнайы тіл курстарына қатысып, өз бетімен қазақ тілін үйренгендер де көп.
Биыл басқарма 710 адамды мемлекеттік тілді меңгеруі үшін оқытыпты. Дәріс алғандардың 40 пайызы өзге ұлт өкілдері екен. Бұдан өзге, өңірде балабақша бүлдіршіндерінің ана тілін дамыту мақсатында «Бала тіл – бал», студент жастарға арналған «Ой-сана» байқауы, мемлекеттік қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» және «Тіл шебері» байқаулары өткізіліпті.
Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай және өңірімізде барлық этностар мен ұлттардың тең құқықтарымен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, қоғамдық келісімді қолдау және мәдени көптүрлілікті сақтау мақсатында этно-мәдени бірлестіктер арасында «Достығы шалқыған шаңырақ», «Мемлекеттік тіл-тәуелсіздік символы» және «Мен қазақша сөйлеймін» байқаулары ұйымдастырылды.
«Достығы шалқыған шаңырақ» байқаудың бас жүлдесін Вера Медетова (Дик) иеленген.Қазіргі таңда Вера Васильевна Теректі ауданына қарасты Богдановка ауылында клуб меңгерушісі болып, қызмет етеді. Неміс ұлтының қызы қазаққа келін болыпты. Вера ханым көрші Ақтөбе облысында дүниеге келген. Оның отбасы 1941 жылдары Украинадан Қазақстанға жер аударылады. Қиын кезеңді бастан өткерген Дик жанұясы қазақ топырағында өсіп-өркендеген.
— Біздер кішкентай кезімізден Қазақстанда тұрғасын қазақ тілін меңгердік. Мектепте орысша оқысам да, қазақ тілін өзіміз үйрендік. Салт-дәстүрлерін бағалаймыз. Қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Жолдасым қазақтың баласы, руы Шеркеш. Үш балам бар. Ұлдарыма қазақша сөйлеңдер деп айтамын. Немерелерімен қазақша сөйлесемін. Қазақ тілін білу керек деп ойлаймын. Қазақстанда тұрғасын патриоттық сезім болуы керек, — дейді Богдановка ауылының клуб меңгершісі Вера Медетова.
«Атамекен» өнер ордасында ұйымдастырылған салтанатты жиында батысқазақстандықтарды аймақ басшысы құттықтады. Ол тілдің мәртебесі мен атқарылған жұмыстарға тоқталды.
— Бүгінде облысымызда 80-нен астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. 695 мыңнан астам тұрғынның 21 пайызы өзге ұлыстар болса да, барлығын біріктіріп тұрған ортақ құндылық – мемлекеттік тіл. Қазақ тілін үйренуге, оны күнделікті өмірде қолдануға деген талпыныс жылдан жылға артып келеді. Соңғы үш жылда ғана тегін оқыту курстарында 3000 жуық азамат білім алса, олардың 40 пайызы – түрлі этнос өкілдері.Мемлекеттік тілдің мәртебесі білім беру саласында да айқын көрінеді. Бүгінде балабақша тәрбиеленушілерінің 80 пайызы мемлекеттік тілде тәрбиеленсе, мектеп оқушыларының 70 пайызы мемлекеттік тілде білім алуда. Ал мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі – 86 пайыз. Бұл – үлкен жетістік әрі ортақ мақтанышымыз.Қазақ тілінің қасиеті – оның тереңдігінде, құдіреті – халықты ұйыстыра алуында. Тілімізді дәріптеп, ұрпаққа аманаттау – бәріміздің азаматтық парызымыз, — деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Мерекеге арналған жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен профессор, педагогика ғылымдарының докторы,Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Абат Қыдыршаев марапатталды. Cондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаты және Батыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатымен тіл жанашырлары, журналистер, қоғам белсенділері, оқытушылар марапатталды.