Батыс Қазақстан облысында тоғыз жасар бала өртенген үйден екі інісін алып шыққан. Оқиға 16 ақпанда Сырым ауданына қарасты Аралтөбе ауылында тіркеліпті. Ауыл әкімі Ержан Жонисовтың таратқан ақпарына сүйенсек, тілсіз жау балалар теледидар көріп отырған кезде тұтанған. Тоғыз жасар оқушы анасына хабарласып, қызыл жалын туралы хабар берген. Ол ата-анасы келгенше, екі жасар және сегіз айлық бауырын үйден алып шыққанын хабарлады.
Ауыл әкімі ауданның өрт сөндіру қызметіне хабарласыпты. Отыз минуттың ішінде өрт сөндірушілер келіп, өртті сөндірген.
Абырой болғанда, тілсіз жаудан ешкім зардап шеккен жоқ.
Аралтөбе ауылы әкімінің айтуынша, қазіргі таңда тілсіз жаудан зардап шеккен отбасыға былтыр ауданның құрылыс бөлімі салған жаңа баспана уақытша пайдалануға берілген.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпарына сүйенсек, екі інісін құтқарған оқушы оқуда озат. Ол «Зерде» оқушылар арасындағы республикалық жобалар сайысының аудандық кезеңінің жеңімпазы, облыстық кезеңнің ІІ орын иегері екені белгілі болды.