Елімізде президенттің бастамасымен «Еститін үкімет» қағидаты іске асуда. Осының арқасында түрлі мәселесімен бетпе-бет келген тұрғындардың күрделі проблемасы өз шешімін тауып келеді.
Қазіргі таңда әсіресе баспаналы болу көптің арманы. Асыл арманы орындалған жанның бірі-Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының тұрғыны Нұрзия Газизжанова. Ол аудан орталығында өмір сүреді. Нұрзия ханым 2017 жылдың мамырында толық емес отбасы санаты бойынша үй кезегіне тұрған. Перзенті биыл Алма Оразбаева атындағы мектепті бітіреді. Ұлы мен Нұрзия ханым тоғыз жылдан соң қоныс тойын тойлады. Кейіпкеріміз бұған дейін анасы мен бауырларының жанында өмір сүрген. Ол қара шаңырақта анасын 3-4 жылдай төсекке танылған анасын баққан. Анасы қызына батасын беріп, «ниетіңе орай жақсы үй бұйырар», деп тілек тілеген. Ана тілегі қабыл болды.
Бүгінде Нұрзия апай жаңа баспанасында бір қыстап шықты. Ол қоныстың сапалы салынғанын айтады. Қыста жылы, шатырынан су кетпепті. Талай жыл арман болған баспанасы жалға берілген. Ол айына 15 мың теңгеге жуық ақысын төлеп отырады.
— Ұлым мектеп бітіргенше бір үй бұйырар деп пәтер кезегіне тұрдым. Ұлым 11-сыныпқа көшкенде 2025 жылдың төртінші шілдесінде үйге іліктім. Ауылдағы Самат Жакупов деген кәсіпкердің құрылысымен салынған үй. Ниетіме орай жақсы баспанаға іліктім деп ойлаймын. Үй жақсы, керемет салынған. Жақсы жерде орналасқан, бөлмелері кең. Қонысым көңілімнен шықты. Өзіңнің баспанаң болғанына не жетсін?! (...) Үйді 15 жыл деп бергенмен жағдайыңыз көтерсе, неше миллионға қойылып тұр. 17 миллион ба екен? Соны төлесеңіз жекеге аударылады деп айтты. Осы күнге дейін төлеген ақымыз, шегеріліп, толық ақысын төлегеннен кейін жеке аударылады деді,- дейді Казталов ауданының тұрғыны Нұрзия Газизжанова.
2025 жылы Казталов ауданында Нұрзия ханым секілді кезек күткен төрт жанұя үйлі болды. Ал, "Қаладан-ауылға" бағдарламасы бойынша 21 отбасыға баспана берілген. Биыл аталмыш бағдарламамен 7 әулет қоныс тойын тойлапты. Десек те, ауданда әлі күнге дейін армандаған баспанасына қолы жетпей жүрген 1216 адам бар.
Бүгінгі таңда «Отбасы банкі» Батыс Қазақстан облысы филиалының таратқан ақпарына сүйенсек, өңірде 44 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Кезекте тұрғандардың 30 мыңнан астамы Орал қаласының тұрғындары екен.