29 наурызда Батыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындары жаралы аққуды тауып алды.Оқиға Қаратөбе ауданы, Аққозы ауылдық округіне қарасты Қоржын ауылында тіркелген. Қоржындық Нұрлыбай Құспанов есімді азамат қой бағып жүріп, жексенбі күні сағат он жарымдар шамасында жаралы аққуды тауып, ауылдасына хабар берген. Бұл туралы ауыл тұрғыны Серікқали Нұрадилов хабарлады.

- Нұрлыбай маған хабарласып, ауылдан 3-4 шақырым жерде, қырға бара жатқан жолда аққу жатыр, ұша алмайды. «Не істеймін, аға? Қазір мына құсты тастап кетсем қарсақ пен түлкі көп. Қараңғыда жеп қояды»,-деп хабарласты. Мен ойланып, көлікпен бардым. Барып, аққуды фото мен видеоға түсіріп, далада қалдыра алмай, үйге әкеліп, қораға қойдым, -дейді Қоржын ауылының тұрғыны Серікқали Нұрадилов.

Серікқали Нұрадиловтің сөзіне сенсек, жаралы аққуға оқ тимеген, қанаты жақсы екен. Салмағы да ауыр көрінеді. Ауыл тұрғыны далада құсты көргенде тұмсығында аздап қан болғанын айтады. Қазіргі таңда жаралы құс Серіккқали ақсақалдың қорасында тұр.

- Тауыққа беріп жүрген жемімді беріп, алдына су қойдым. Судан басқа ештеңе жеген жоқ. Кейін Қаратөбе ауданының ветеринария бөліміне хабарластым. Оларға бар жағдайды баяндадым. «Оралға қалай хабарласуға болады? Құсты зообаққа тапсыруға болады ма?»- деп сұрадым. Оралдан маман хабарласып: «Бізде орын жоқ, алып кеткен жағдайда да мындағы (орталықтағы-ред.автор) аққулар оны талап тастайды. Біз оған ештеңе істей алмаймыз. Не болса да құс ауылдан қарап, суға апарып ұшырып жіберіңдер», -деп жазып жіберді -деді Серікқали Нұрадилов.

Серікқали ақсақал 30 наурызда аудан орталығынан келетін мамандарды күтіп отыр. Ол жаралы аққуды Жақсыбай өзенінің қалың қамысты жеріне жіберуді жоспарлап отыр.