Батыс Қазақстан облысында киік өлексесінен сынама алып, оны сараптамаға жіберді. Бұл туралы облыстық орман және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының орынбасары Қайрат Қадешев мәлімдеді. Өлген киіктің өлексесін мал моласына немесе арнайы қазылған орға өртеу әдісі арқылы көзін жояды. Бүгінгі таңда облыста 2199 бас киіктің осылай көзін жойған.

Батыс Қазақстан облысында мекендейтін киіктің Орал популяциясы қыс мезгілінде Ресейдің Астрахань мен Атырау облысының аумағында болыпты. Қазіргі таңда жануарлар төлдейтін орнына қоныс аударған. Олардың басым көпшілігі Жәнібек пен Қазталов ауданының аумағына орналасқан.

Әлеуметтік желілерде киіктердің далада, ауыл маңында жатқан видеоларды көптеп таралуда. Бұқара киіктен ауру тарап, төрт түлікке жұғады ма деп қорқып отыр. Әлеуметтік желіде киіктің айналшықтап жүрген видеосы да тез таралды.

- Кеше Казталов ауданының ветеринариялық зертхана қызметкерлері киік құлағанша күтті. Алгоритмге сай сол жерден сынама алды. Қазіргі кезде сынаманы Ұлттық рефереттік ветеринарлық орталыққа жолдау процесі жүріп жатыр. Әрмен қарай аса қауіпті ауру бар ма? Жоқ па соны анықтайды, - деп айтты Орман және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысының орынбасары Қайрат Қадешев.

Орман және жануарлар дүниесі инспекциясының мамандары: "Еліміз бойынша киіктердің басым көпшілігі Батыс Қазақстан облысында орналасқан. Өңірде қауіпті ауруларды анықтайтын ветеринарлық зертхана бар. Ұлттық рефереттік ветеринарлық орталықтың функциясын біздің өңірге беру туралы сауалды көтеріп жатырмыз", деп хабарлады.

Өткен жылғы санақ бойынша Батыс Қазақстан облысында 2 миллион 300 мың киік бар. Биылғы әуе санағы әлі аяқталмады.