Бөрлі ауданында 48 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді
Ауданда 7 үкіметтік емес ұйым мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жобаларды жүргізуге тұрақты қатысып, белсенді жұмыстануда.

Бөрлі ауданында 48 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бұл туралы аудан әкімдігі хабарлады. Аудан билігінің таратқан ақпарына сүйенсек, үкіметтік емес ұйымдардың 37-сі қоғамдық бірлестік, он қоғамдық қор және біреуі заңды тұлға екен. Үкіметтік емес ұйымдардың дені- спорт федерациялары, этномәдени бірлестіктер. Сондай-ақ аудан аумағында ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғау, жастар мәселесі, әйелдер мүддесі, білім беру секілді өзекті мәселелермен айналысатын ұйымдар бар.
— Жеті үкіметтік емес ұйым мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жобаларды жүргізуге тұрақты қатысып, белсенділік танытып келеді. Олар-«Жас Дарын» қоғамдық қоры, «Сенім» қоғамдық бірлестігі, «Ашық көмек» қоғамдық қоры, «Ақсай жастары» жастар қоғамдық бірлестігі, «Сұңқар Ақсай» қоғамдық бірлестігі, «Қамқор Ақсай» қоғамдық бірлестігі, «Парасат» қоғамдық бірлестігі. Үкіметтік емес ұйымдар жастар саясаты, мүгедектігі бар адамдарды қолдау, тұрғындарға психологикалық кеңес беру, спорт, экология, жануарларды қорғау бағыттарында жұмыс істейді, — делінген Бөрлі ауданы әкімдігінің хабарламасында.
Азаматтық қоғамның қалыптасуы үшін үкіметтік емес ұйымдар белсенді жұмыс істеуі керек. Олар тек мемлекеттік тапсырысты орындап ғана қоймай, белсенді азаматтық ұстанымы бар жандардың еңбегі өлшеусіз. Бөрліде үкіметтік емес ұйымның өкілдері -аудандық қоғамдық кеңестің және аудан әкімдігі жанындағы түрлі комиссия мен кеңестің тұрақты мүшелері. Олар аудандық, облыстық деңгейдегі шараларға белсенді қатысып, бұқараны толғандырған сауалдарды ортаға салып жүр. Әсіресе, Бөрлі ауданының «Үздік ұстаздар» қауымдастығын, «Ауған соғысы» ардагерлері, «Тәжік-Ауған» шекарасындағы әскери қақтығыстар ардагерлерінің қоғамдық бірлестіктерін, этно-мәдени бірлестіктерін, спорт федерацияларын атап өтуге болады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Бөрлі ауданында оқушылар арасында суицидке қарсы жұмыс жоспары бекітілгенін хабарлаған едік.Ауданда "Ашық көмек» қоғамдық бірлестігі, «Жастар ресурстық орталығы», «Бақытты отбасы» орталықтарының мамандарымен бірлесе аудандық аурухана, прокуратура, аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінің қатысуымен ата-аналар жиналыстары ұйымдастырады екен.
- Бөрлі ауданында балалар арасында суицидтің алдын алуға арналған жұмыс жоспары бекітілді
- 2024 жылы Бөрлі ауданында 2 дала өрті тіркелген
- Бөрлі ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында 43 жаңа кәсіп ашылды