Маңғыстауда жеті адамды құтқарды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Көмек сұраған жандар Қарақия ауданы аумағында, Жаңаөзен қаласынан 137 шақырым жерде орналасқан Бекет-Ата жерасты мешітінің маңында автокөлігімен батпаққа батып қалды. Төрт адам қасиетті орынға көлікпен жетпек болған. Алайда батпаққа батқан темір тұлпар өздігінен қозғала алмай, жолаушылар байланыссыз қалыпты. Қиындыққа тап болған жандардың туыстары "112" пультіне қоңырау шалып, көмек сұраған.

-«Қазавиақұтқару» ТЖМ тікұшағының көмегімен әуеден Бекет-Ата жерасты мешітінен шамамен 30 шақырым қашықтықта анықталып, аман-есен құтқарылды. Сонымен қатар, жүргізілген жұмыстар барысында автокөлікпен жолға шығып, Бекет-Ата жерасты мешітінен 20 шақырым жерде батпаққа батып қалған тағы үш адам эвакуацияланды. Барлық эвакуацияланған азаматтар әуе кемесімен Бекет-Ата маңындағы қону алаңына жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ, -деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.