Орал қаласының бюджеті 10,9 млрд теңгеге көбеймек
Қоғамдық кеңесте қала бюджеті нақтыланып, сайлау учаскелерін көбейту жөніндегі ұсыныс қолдау тапты.

Қоғамдық кеңесте облыс орталығының бюджетін нақтылауды ұсынды. Шаһардың бас қаржыгері Азамат Қадыров қала қазынасындағы өзгерістерді жіпке тізді. Оның сөзіне сенсек, шаһар бюджеті 77 пайызға толығып, 83,1 миллиард теңгені құрайды. Биылғы жылдың бюджетін 10,9 миллиард теңгеге ұлғайту жоспарланып отыр.
— Нақтылататын бюджеттің 1,9 миллиард теңгесі Орал қаласының өзінің кірістеріне тиеселі. Тоғыз миллиард теңге облыстық бюджеттен қарастырылған трансферттер, кредиттер осы бюджетті нақтылау барысында қарастырылатын болады. 1,9 миллиард теңге соммасында Орал қаласының өзіндік кірістерін келесі шығыстарға бағыттау жоспарланып отыр. 580 миллион теңге облыстық бюджет алдындағы кредиттік шарттар негізінде борышты өтеуге бағытталады. 400 миллион теңге әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша, жолаушылар тасымалын субсидиялауға, 183 миллион теңге ЖХК бөліміне (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі) жолдардың жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сонымен қатар 83 миллион теңге аббаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына, 48,6 миллион теңгеге Орал қаласы әкімдігінің резервін толықтыруға бағытталады. Төртінші деңгейлі бюджеттерге кенттік округтердің бюджетіне 397 миллион теңге қарастырылып отыр. Өз кезегінде Зачаганск кентіне 321 миллион теңге, Деркөл кентіне 55 миллион теңге, Круглозерное кентіне 20 миллион теңге қарастырылған, — дейді Орал қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Азамат Қадыров.
Қоғамдық кеңесте Орал қаласының экономика және бюджеттік жоспалау бөлімінің Азамат Қадыров облыстық бюджеттен қайта бөлу жолымен 22 миллиард теңге қаржы бөлінгенін хабарлады. Ол облыстық бюджеттен кредит пен трансфертке берілген қаражаттың қайда жұмсалатынын жіпке тізді.
- - 4,1 миллиард теңге - «Ақжайық» ықшам ауданына ішкіорам өтпе жолдар салу (құрылыстың 1-кезегі);
- - 2,6 миллиард теңге - Орал қаласының ЖК 2-27-ден ЖК 7-14-ке дейін ЖМ-7 қайта құру;
- - 2,3 миллиард теңге - КСС-1 ғимаратын қайта құру;
- - 1,8 миллиард теңге - КСС-29 қайта құру;
- - 1,8 миллиард теңге - "Құрылысшы" шағын ауданында орамішілік желілерді қайта құру;
- - 1,7 миллиард теңге - Гагарин мен Ружейников көшелерінің қиылысында ТМ-6-ны 1- нүктеден ТК-6-ға дейін қайта құру;
- - 1,5 миллиард теңге - ЖАО кезегінде тұрған жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар үшін пәтерлер сатып алу.
- - 865,4 миллион теңге - «Ақжайық» ықшам ауданына орамішілік өтпе жолдар салу (құрылыстың 2-кезегі);
- - 401,6 миллион теңге - Ақжайық шағын ауданын сумен жабдықтау және резервуарлары бар көтергіш сорғы станциясын салуды жоспарлап отыр.
Қоғамдық кеңесте қала бюджетін нақтылап, сайлау учаскелерін көбейту мәселесі де талқыланды. Шаһар әкімдігі аппаратының міндетін атқарушы Наурызбай Дауешев учаскелердің санын алты нысанға көбейтуді ұсынды.
Қазіргі таңда облыс орталығында 130 сайлау учаскесі мен 24 округ бар. Сайлау учаскелерінің он алтысы жабық, қалғаны ашық режимде жұмыс істейді. Соңғы сайлаудан соң қалада дауыс берушілердің саны төрт мыңға көбейгені анықталыпты. Бүгінгі таңда 370 мыңдай оралдықтың 238 мыңы саяси науқанға қатысып, таңдау құқығы ие.
Жаңа нысандар Зачаганск пен халық арасында ескі әуежай деп танымал оныншы ықшам ауданында қызметін бастамақ.
— Сіздердің назарларыңызға Орал қаласының әкімінің қалада сайлау учаскелерін құру туралы 2018 жылдың 21 желтоқсанындағы №34 шешіміне өзгерістер енгізу туралы шешіміне өзгерістер енгізуді ұсынамыз. Бүгінгі таңда облыс орталығының аумағы, халық саны көбеюде. Сайлаушылардың саны артуда. Сол себепті біздер жаңадан ашылатын сайлау учаскелері, және кейбір сайлау учаскелерінің шекараларын, аумақтарын өзгерту, сонымен қатар дауыс беретін орындарын өзгерту мәселесі ұсынылды. Сайлау заңына сәйкес әрбір сайлау учаскесінде үш мың адамнан аспауы керек. Сол себепті кейбір аумақтарда қала құрылысының кеңеюіне байланысты, кейбір учаскелерде үш мыңнан асып отыр. Осыған орай, біздер кейбір өзгерістер енгізіп отырмыз, — дейді Орал қаласы әкімдігі аппараты басшысының міндетін атқарушы Наурызбай Дауешев.
Сайлау учаскелерінің дені мемлекеттік мекемелерде орналасқан. Ол мектептер, ауылдық клубтар, мәдениет үйінде көбіне жұмыс істейді. Сайлау учаскелердің көбеюі депуттаттардың санын арттырмайды. Сайланған халық қалаулылары баяғы қарқынмен қызметін жалғастырады.