2 часа назад

Оралда апатты жатақхананың тұрғындары басқа үйге көшіруді сұрайды

Оралда апатты жатақхананың тұрғындары басқа үйге көшіруді сұрайды

Оралда апатты жатақхананың тұрғындары басқа үйге көшіруді сұрайды
Оқырман фотосы

Оралда Ружейников 13 мекенжайында орналасқан ескі жатақхананың тұрғындары көмек сұрап «Мой город» порталына хабарласты. Тұрғындар тозығы жеткен баспанадан көшіруді сұрайды. 

Жатақхананың тұрғындары жанын шүберекке түйіп, түрлі қолайсыздықпен күресіп, күн кешуде. Жарты ғасыр бұрын пайдалануға берілген бесқабаттты ғимараттың қабырғасы қақырап, шатырынан су кетіп, жертөлесі судан толып тұр. Жатақхананың құбырлары да тозып, су кері бірінші қабатта тұратын үйлерден қайта шығуда. Әсіресе, толассыз жауын жауғанда жағдай тіпті қиындай түскен. Соның кесірінен тұрғындар баспанасынан жертөледен қайта шыққан суды тазалап әлек. Бұған қоса  олар қолқаны қабатын иіспен күресуде.

— Жатақхана 50 жыл бұрын салынған,бұрынғы киностудияның жатақханасы. 2025 жылы үйіміз апатты деп танылды. Қабырғаларда жырықтар бар. Жертөле судан толып тұр. Оның суы бірінші қабатты басты. Әжетхана мен ас үйден су кетіп жатыр. Барлық құбыр шіріп тұр. Жаңбыр қалай басталды, солай су басты. Жатақханада 65-68 отбасы тұрады. Үй құлайын деп тұр. Угломен тұр, бер жағына шығып. Қолымызда апатты деп танылған қағазымыз бар. Қалай күнелтімізді білмейміз. Су барлық жерден кетеді. Үй сырость (ылғал-ред.автор). Соның кесірінен бала-шағамыз жиі ауырады. Мұнда мүгедектер, көпбалалы отбасылар тұрады. Тым құрыса, бірінші қабаттың тұрғындарын өзге жерге көшіру керек. Күнде сумен алысып, қалай өмір сүреміз? Әжетханаға бара алмаймыз. Одан су кетіп жатыр. Жүру мүмкін емес. Жарықта жиі жанады,—  деп шағымданды Ружейников 13 үйінің тұрғыны Гүлім Зейнуллаева.

Өзге баспанаға көшіруді сұрап жүрген жатақхана тұрғындары жалғыз үйі апатты деп танылған категория бойынша кезекке тұра алмай әлек. Биылдан бастап азаматтарды баспана кезегінде қоюды «Отбасы банкі» мекемесіне  жүктелді. Банктің өңірлік бөлімшесінен мәселенің мән-жайын сұрадық.

— Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94-I «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қою үшін жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен апаттық жағдайдағы деп танылған болуы керек.Орал қаласы, Ружейников көшесі, 13 мекен жайын бойынша орналасқан тұрғын үйдің құжаттарын қарау барысында ұсынылған техникалық қорытындыда жылжымайтын мүлік апат алды (IV санат) деп танылған. Талапқа сәйкес, апаттық (V санат) ретінде қорытынды алу қажет,—  деп хабарлады «Отбасы банкі» Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Нұржан Қалишанов.

Тұрғындарды толғандырған сауалды шаһар әкімдігінен сұрап білдік.

— Орал қаласының әкімдігі Ружейников, 13 мекенжайының өкілі, Отбасы банкі филиалы мен үйге сараптама жасаған компаниямен жүздесіп, аталған мәселені шешу жолын талқылауды жоспарлап отыр,— деп хабарлады әкімдік.

Қала әкімдігі әзірге Ружейников, 13 мекенжайында тұратын тұрғындарды көршірмейтінін хабарлады. 

Оқырман фотосы 

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp