Орал қаласының тұрғыны Жігер Жулаев әлеуметтік желіде «Өмір сүргім келеді», деп көмек сұраған видеосы тарады. Ол өзін қарттар үйіне өткізуді сұрайды. Көмек сұраған ақсақалмен «Мой город» ақпарат агенттігінің тілшілері тілдесіп келді.
Жігер Құспанұлы 2021 жылы Алматы қаласында инсульт алып, ІІ топтың мүгедегі атанған. Ол дертке шалдыққасын туған қаласы Оралға көшіп келеді. Кейіпкеріміз Жәнібек ауданының тумасы екен. 2004 жылға дейін жанұясымен бірге осы өңірде өмір сүрген. Кейін шаңырағы шайқалып, Алматыға қоныс аударыпты. Көп жылдар бойы оңтүстік астанада өмір сүрген.
Бүгінде сырқатқа Жігер Жулаев облыс орталығында орналасқан жатақханалардың бірінде бөлме жалдап тұрады. Оның ақысын да наурыздан бастап қымбаттатпақ. Жалғыз жәрдемақыға күн көріп отырған жан, кейде аш қалатынын да жасырмайды. Оған көршілері көмектесіп отырады екен. Кейіпкеріміздің тұрмысы жұпыны, бөлмесін жинауға қауқары жоқ. Жігер ағайдың балалары мен туған бауырлары бар екен. Бірақ олар ер адамға қарайласпайды екен.
— Тамақ жағы қиын болып кетті. Ауырған адамға бәрі қиын. Бұрын дені сап-сау жігіт едім. Өткенде жиенім суға түсіріп жатып, «нағашы, сен арықтап кетіпсің», деп айтады. 2021 жылы Алматыда инсульт алдым. Сол жерде күзетші болып жұмыс істедім. 2021 жылы Оралға келдім. Содан бері емделіп жатқан жоқпын. Тума-туыс қарайласпайды. Балалар да хабарласпайды. Телефондары жоқ. Менің телефоным олар да бар ғой. Хабарласпайды ешкім. (...) Қазір нан мен май, нан жеп отырмын. Осы жерді жалдап отырмын. 89 мың зейнетақы аламын. Алдағы айдан бастап бөлме үшін 50 мың теңге төлеймін. Тамаққа ақшам жетпейді. Жағдайым өте нашар. Қант диабеті мен жүрегім ауырады. Оған укол алып жатқан жоқпын. (...) Құдайға шүкір, Ақтөбеде туған апам бар еді. Оның өзінің жанұясы бар. Семьясы бар жерге шыдай алмайсың. Өзіммен өзім тұрғаным жақсы, әрине. Бірақ ақшам жоқ. Қарттар үйіне барғым келеді. Онда қарайтын дәрігерлері болады. Тамағым тоқ болады. Оған бару үшін еш құжат жинамадым. Сіздерден көмек сұрап отырғаным сол. Мен өзім құжат жинау білмеймін. Жүретін жағдайым жоқ. Таксиге, автобуске қаражатым жоқ. Қайда баратынын да білмеймін, – дейді Орал қаласының тұрғыны Жігер Жулаев.
Жігер Жулаевтың қарттар үйіне өткізу мәселесін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан сұрап білдік. Сала мамандары кейіпкерімізді арнайы әлеуметтік мекемеге орналастыра алмайтынын кесіп айтты. Оның себебі мынада екен.
— Жігер Жулаевтың жағдайын анықтап білгенімізде, бұрын-соңды ол «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» қызмет алмаған. Анықтағанымыздай еңбекке қабілетті, кәмелет жасынан асқан балалары бар екен. Қазақстан Республикасының Неке және отбасы туралы кодексіне сәйкес еңбекке қабілетті, кәмелетке толған балалары, жұбайы (зайыбы) асырап-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті делінген. Егер де ол адамның балалары І, ІІ топтың мүгедектігінің, онкологиялық, психикалық ауруларының болуына, бас бостандығынан айыру орындарында отырса, психикалық денсаулық орталығында есепте тұруына немесе елден тыс жерге тұрақты тұруға кетуіне байланысты күтім көрсете алмайтын жағдайларда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін орталыққа қабылдауға мүмкіндік бар. Жігер Жулаевтың балалары еңбекке қабілетті балалар. Қағидаға сәйкес, Жігер Құспанұлын қабылдауға мүмкіндік жоқ, – дейді Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Зияда Мусина.
Екінші топтың мүгедегіне тұрмысына көмектесіп, үйін жинап, тамағын алып беруге, дәрісін әкеліп беруге әлеуметтік қызметкер тағайындау мәселесін де сұрап білдік.
— Жулаев Жігер Куспанович 1964 жылы туған. Ажырасқан. Екінші топтың мүгедегі. Инсульт алған. Ол адамға біздің мамандар барып, тексеріп, акт жасады. Акт жасалып, анықталғаны екі баласы бар. Балалары еңбекке қабілетті екен. Қазіргі таңда оның ұлы Астана қаласында тұрады. Қызы Орал қаласында тұрады. Еңбекке қабілетті балалары бар болғандықтан, әзірше біздер оған әлеуметтік қызметкер тағайындап, өзімізге қызметке ала алмайды екенбіз. Ол қарттар үйіне сұранып отыр. Ол зейнет жасына толған жоқ. Келесі жылы толады. Сол себепті оны рәсімдеуге мүмкіндік болмай отыр. Алайда, қазіргі таңда Жігер Куспановичке қолдау мен көмек көрсетіледі. Құқықтық көмек, азық-түлік себеті мен уәкілетті органдарға сүйемелдеу сияқты көмек көрсетеміз. Ол адаммен тиісті мамандар жұмыстанады, – дейді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Мариэтта Даулетиярова.
Көмек сұраған қарияға қарттар үйі өткізу мен әлеуметтік маман тағайындауы үшін Жігер Жулаевтың балалары сот арқылы әкесінен бас тартуы керек екен.Сонда ғана кейіпкеріміз қағидаларда көрсетілген көмекке қол жеткізбек. Немесе ақылы қарттар үйіне орналастыруға болады. Жекеменшік мекемелер қарияларды бағып-қағуы үшін айы сайын 200 мың теңгеден бастап ақы алады екен.