Оралда «Отбасын қолдау орталығы» ашылды
Ашылу рәсіміне Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов қатысты.

15 мамырда Орал қаласында маңызды әлеуметтік нысан — «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Мемлекеттің әлеуметтік даму бағытына сай ашылған бұл орталық — отбасы институтын нығайтуға, ата-ана мен бала арасындағы өзара сыйластықты арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетуге бағытталған кешенді қолдау алаңы болып табылады.
Ашылу рәсіміне Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов арнайы қатысып, жүрекжарды лебізін білдірді. Сондай-ақ шараға Ақтөбе және Атырау қалаларынан келген мәртебелі меймандар, Батыс Қазақстан облысының Аналар кеңесі мүшелері, халық қалаулылары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.
Салтанатты шара барысында құттықтау сөздер айтылып, рухани тәрбие мен отбасы жылуына арналған «Әке мерей» және «Әке – ана ардағым» әндері орындалды.
Қонақтар орталықтың жұмысымен толық танысты: шеберлік сағаттары, тұсаукесер рәсімі, отбасылық ансамбльдердің өнері, балалар бөлмесі, психолог және сала мамандарының кабинеттері таныстырылды.