9 часов назад

Қазақстанда 164 мың бала ҰБТ тапсырды

Ғылым және жоғары білім министрлігі аралық қорытындыны жариялады.

Қазақстанда 164 мың бала ҰБТ тапсырды
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Ғылым және жоғары білім министрлігі ұлттық бірыңғай тестілеудің аралығын нәтижесін жариялады. Министрлік таратқан ақпарға сүйенсек, 164 мың  бала тест тапсырған. Олардың 74 пайызы қазақ тілінде, 26 пайызы орыс тілінде және 136 үміткер ағылшын тілінде сынақ тапсырыпты.

Үшінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 69% шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 65 құрады. Ең жоғары нәтижені Түркістан облысынан Әбілхан Жәнібек бірінші аптада көрсетті.

Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 18% «Математика-Физика», 15% «Биология-Химия» пәндер комбинациясын тапсырды. 14% «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдапты. 

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 477 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

Сынақ тапсыратындар 30 минуттың ішінде аппеляцияға беру құқығы бар. Ал, техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.

ҰБТ-ны өткізудің үш аптасында 206 ереже бұзушылық анықталды. 98 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 108 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ.

2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттар мен ережені бұзу фактілері анықталса, сынақтың нәтижелері жойылады.

Биыл ел бойынша ҰБТ тапсыруға 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш келіп түскен.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp