Tinder-де «Нұрай» деп өзін таныстырып,әлеуметтік желі пайдаланушысын алдап, төрт миллион теңгені қалтаға басқан алаяқ сотталды. Бұл туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Жауапкершілікке тартылған тұрғын не бары 20 жаста екен. Прокурорлар ер адамның Tinder қосымшасына «Нұрай» деп әйел адамның атымен тіркеліп, өзінің Telegram аккаунтына сілтеме қалдырғанын хабарлады.
– Ол жәбірленушімен тілдесіп, кездесуге уәде беріп, әртүрлі сылтаулармен одан ақша сұрай бастаған. Қаскөйдің арам пиғылынан бейхабар жәбірленуші үш айға жетпейтін уақыт ішінде төрт миллион теңгеден астам қаржысын аударған. Сот айыпталушыны ақпараттық жүйе пайдаланушысына қатысты ірі көлемде жасалған алаяқтық үшін кінәлі деп таныды,– деп хабарлады Бас прокуратура.
Сот үкімімен алаяқ үш жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді. Ол пробациялық бақылауда болмақ.
Прокурорлар әлеуметтік желіні пайдаланған кезде, сақтық шараларын сақтауды еске салады.