15 августа в 15:30

«Балаларымызды мектепке жібермейміз»: БҚО-да ауыл тұрғындары жаңа мектеп салып беруді талап етуде

БҚО-да Сырым ауданына қарасты Құспанкөл ауылының тұрғындары жаңа бастауыш мектеп салуды сұрап отыр.

«1 қыркүйекке балаларымызды тозығы жеткен мектепке жібермейміз»: БҚО-да ауыл тұрғындары жаңа мектеп салып беруді талап етуде
Оқырман фотосы

«Мой ГОРОД» порталының редакциясына Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы,Тоғанас ауылдық округіне қарасты Құспанкөл елді мекеннің тұрғындары хабарласты. Ауыл тұрғындарын тозығы жеткен бастауыш мектептің ғимараты алаңдатып отыр. Білім ошағы Кеңес үкіметі кезінде салынған жер үйде орналасқан. 

Ғимараттың тозығы жетіп, қабырғасы қақырап, шатырынан су кетіп тұр екен. Мектепті көгілдір отынмен жылытса да, іші салқын. Балалар қыстыгүні жиі ауырып қалады. Ауыл тұрғындарының сөзіне сенсек, қосымша салынған спорт залдың жағдайы мәз емес екен.

— Қосымша салынған спорт залдың құжаты да жоқ сияқты осы. Едендегі линолеумы шұрық тесік. Қабырғасы мен терезесінде сызаттар пайда болған. Қабырғадан көше көрініп тұрады. Төбесінің барлығы құлап жатыр. Қазір өтірік жамап қояды. Уақыт өте келе жамаулардың барлығы құлап қалады. Қыста балалар осы спорт залдың ішінде футбол ойнайды.Мектепте тіпті жарық жоқ. Бір жақтан жарықты удленитель арқылы жалғап отыр, — дейді Құспанкөл бастауыш мектебінің ата-аналар кеңесінің мүшесі Асқар Оңғарбаев.

Ата-аналар бастауыш мектептің асханасын да сынға алды. Асқар Оңғарбаевтың төрт баласы да осы мектепте оқиды. Екі перзенті бастауыш сыныпта білім алса, екеуі балабақшада тәрбиленеді. Ауыл тұрғыны бастауыш мектептің құрылысы өткен жылы салынуы керек деп айтады.

— Мектептің құрылысы өткен жылы салынуы керек. Былтыр ел суға кеткенде үнімізді шығармадық. Адамдар баспанасыз қалғанда, мектеп сұрауға ұялдық. Осы бастауыш мектептің құрылысын биыл саламыз деп аудан әкімі мен депутат сайлауында айтып, уәде берді. Тіпті аудан әкімінің жоспарында да болды. Биыл көктемде осыған орай жиналыс болды. Сол кезде шілдеден бастап саламыз деп айтты. Ақшаны КПО-дан бөледі. Біздің ауылдың тумасы мектептің жобалық-сметалық құжаттама жасап берейін деп те айтты. Оған бермей, Шымкенттік компания құжат жасауға тендер ұтып алыпты. Олардан ауылға ешкім келген жоқ. Өзіміз осы жерге мектеп салуға болады деп айттық, — дейді Асқар Оңғарбаев.

Атқамінерлер ауыл тұрғындарына Құспанкөл бастауыш мектебінің құрылысын осы жылдың шілдесінде бастауға уәде беріпті. Алайда құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін басталмапты. Тозығы жеткен мектепке көңілі толмайтын мектептің ата-аналары 1 қыркүйекте балаларымызды мектепке жібермейміз деп отыр.

— Бірінші қыркүйекке балаларымызды ата-аналар жібермейміз деп отырмыз.Бізге анандай мектеп керек емес. Әкім мен депутат ауылда тұрса да, балалары қалада оқиды. Олар анандай мектепке баласын бергісі келмейді.  Балаларымызды орталықтағы мектепке дұрыс көлікпен, өздері мойнына алып тасымалдасын. Не мектепті істеп берсін! Сондай талап қоямыз, —  дейді Асқар Оңғарбаев.

Құспанкөл ауылының тұрғындарын мазалаған бастауыш мектеп жайлы облыстық білім басқармасына сұрау салдық. Жауапты мамандар мектептің құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қыркүйегінде басталады деп мәлімдеді. Жаңа оқу жылында Құспанкөл бастауыш мектебінде 16 бала білім алмақ. 15 бүлдіршін мектепке дейінгі орталықта тәрбиеленеді. Білім ошағында жеті мұғалім жұмыс істейді.

— Құспанкөл мектебінің ғимараты 1978 жылы салынған. 2013 жылдан бері оқушылар бейімделген ғимаратта оқиды. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Құспанкөл мектебінің құрылысы осы жылдың қыркүйегінде басталады. Мектеп құрылысы КПО б.в компаниясының әлеуметтік инвестициялық жоба аясында жүргізіледі. КПО б.в. компаниясы сатып алулар бойынша тендерлік рәсімдерді өздерінің ішкі ережелері мен тәртіптеріне сәйкес дербес түрде жүргізеді. Мердігерді анықтау бойынша тендерлік процедуралар жүргізілуде. Жаңа мектептің аумағы 1668 м² құрайды. Мектептің жобалық қуаттылығы 60 орындық. ЖСҚ бойынша қаражат соммасы 1,2 миллиард теңге. Құрылыс-монтаждық жұмыстар 2026 жылдың тамызында аяқталуы жоспарлануда, — делінген білім басқарамасының жауабында.

Бастауыш мектептегі жанбайтын тоқ көзін электрик маман жөндемек. Құспанкөл ауылының тұрғындарын толғандырған бастауыш мектептің құрылысы биылғы жылдың қыркүйегінде басталмақ. Қабырғасы қақырап, шатырынан су кететін мектептің орнына жаңа ғимарат бой түзейді деп сенейік.

Оқырман фотосы 

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp