Өртке оранған Қараөзендегі мектеп-лицейінің интернатын жөндеу үшін 81 млн теңгеден астам қаржы бөлінген
Қызыл жалынға оранған интернаттың жөндеуі 25 мамырда басталған.

Казталов ауданы, Жалпақтал ауылдық округіне қарасты Қараөзен мектеп-лицейінің күрделі жөндеуі бірінші сәуірден басталды.
Бұл туралы білім басқармасы хабарлады. Басқарманың таратқан ақпарына сүйенсек, Қараөзен мектеп-лицейінің күрделі жөндеу жұмыстарына 2025 жылдың 26 наурызында талон-хабарлама алыныпты. Ал, интернаттың жөндеу жұмыстары 25 мамырда басталған. Себебі 23 мамырға дейін оқушылар сабақты интернат қабырғасында оқыған. Білім ошағын «Жайық сити» компаниясы күрделі жөндемек. Құрылыс монтаждау жұмыстары биылғы жылдың оныншы қыркүйегіне дейін аяқталады деп жоспарланған екен. Оқу ордасында 222 оқушы білім алған. Мектеп жанындағы интернатта 27 бала жатып, оқыған.
Білім басқармасы мектеп-лицейді жөндеу құны 992874663 теңгені құрайтынын хабарлады. Қыруар қаржының 81652858 теңгесі тоғызыншы шілдеде өртке оранған интернаттың жөндеуі үшін бөлінген.
Естеріңізге сала кетейік, тоғызыншы шілдеде Қазталов ауданына қарасты Қараөзен ауылдында мектеп-лицейінің интернаты өртке оранған еді. Қызыл жалын 388 шаршы метрге таралды. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды толықтай сөндірді.
«Өрттің шығу себебі анықталуда», - деп облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қараөзен мектебі 1967 сегіз жылдық мектеп болып өз жұмысын бастапты. Кейін, 1978 жылы орта мектепке айналған. Ал, 1997 жылы 30 қазанда облыстық білім басқармасының №457 бұйрығының негізінде лицей сыныптары бар мектеп статусын иеленіпті.