Ақтөбе облысында 291 мың бала жазғы лагерьмен қамтылмақ
Ақтөбеде балаларды жазғы лагерьмен қамту ісі пысықталды.

Ақтөбеде балалардың жазғы лагерьмен қамту ісі пысықталды. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалымен өткен аппарат мәжілісінде балалардың жазғы мезгілде бос уақытын ұйымдастыру сауалы талқыланды. Биыл аймақта 291 мың оқушы жазғы лагерьмен қамтылмақ. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева мәлімдеді. Оқушылардың алаңсыз демалысы үшін өңірде жеті қала сыртындағы және 699 мектеп жанындағы лагерь, қосымша білім беру мекемелері жанынан 49 жазғы алаң жұмыс істейді.
— Қазіргі уақытта «Әлия», «Campit»,«Мұғалжар» және «Нефтяник» қалааралық лагерьлерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бес маусымдық лагерь алғашқы кезеңде 1 312 баланы қамтыса, жаз бойы 8 092 оқушы демалатын болады. Әр ауысым он күнге созылады. Ал, жыл бойы «Күншуақ» және «Әсем» лагерінде 2 532 бала демалады. Тағы 233 кәмелетке толмаған бала «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық балалар орталықтарына барады. 3 960 бала демеушілік қаражат есебінен лагерьге жолдамамен қамтамасыз етіледі, — деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева.
Ақтөбе облысының бас ұстазы мектеп жанындағы лагерьлерге 161 185 бала, ал қосымша білім беру мекемелері жанындағы жазғы алаңдарға 21 010 кәмелетке толмаған барады деп хабарлады. Сондай-ақ 716 оқушы «Жасыл ел» және «Спарта» мектеп шаруашылығына жұмысқа орналаспақ. Ал, 30 мыңнан астам бала туристік жорықтар мен экскурсияларға қатысады.
Мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топ өкілдерінің балалары үшін тиісті қолдау көрсетіледі. Мәселен, 21 мыңнан астам жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған, көпбалалы отбасы балалары, мүмкіндігі шектеулі және басқа да санаттағы оқушылар тегін жазғы демалыспен қамтылмақ. Әлеуметтік осал топ балаларының 98 пайызы жазғы бағдарламалармен қамтылады.
— Биыл өңірде «Тарих ізімен» атты жаңа жоба жүзеге асырылуда. Оның аясында 28 321 баланы қамтитын 300 өлкетану жасағы құрылады. Отрядтар аймақ пен елдің тарихи орындары мен көрікті жерлеріне барады. 18 колледж базасында кәсіптік бағдар беру лагерлері ашылады. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «SKILLS CAMP» жобасы іске асырылуда, онда 3000 оқушы бірқатар мамандық бойынша оқудан өте алады. Сондай-ақ дарынды балаларға арналған «ЗИЯТКЕР» зияткерлік лагері жұмыс істейді, онда 500 оқушының олимпиадаларға дайындалуға мүмкіндігі бар, — деді Бұлбұл Күзембаева.
Облыс әкімі аймақтағы бірде-бір лагерьдің санитарлық, өрт және қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келмей, балаларды қабылдауына жол берілмеу керектігін атап өтті.