Қазақстанда 200-ден астам жаңа мектеп салынбақ
Білім ошақтары 300 мың балаға арналған.

Елімізде 2025-2026 жылдары 300 мың балаға арналған 200-ден астам мектеп салынбақ. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады. 112 білім ошағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасының аясында салынбақ. Оқу ордаларында 206 мың оқушы білім алады. Мектептердің жартысы ауылдық жерде салынбақ.
Ұлттық жоба қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақты азайтуға, 15 апатты деп танылған білім ордалары мен үш аусымда білім беретін оқу ордалары мен 150 мыңға жуық оқушы орны тапшылығын жоюға септігін тигізбек. Бұдан өзге, мың ауыл мектебінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жиһаз жаңартылып, кітапханалар, асханалар мен қауіпсіздік жүйелері жабдықталадыСонымен қатар химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пәндік кабинет сатып алынуда.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымы форматына көшу үшін 2029 жылға дейін 1231 мектепті жаңғырту бағдарламасы басталады. Биыл 248 мектеп реновациядан өтеді. Бұл мектептерде шатырлар ауыстырылып, қасбеттер мен терезелер жаңартылады, инженерлік желілерге күрделі жөндеу жүргізіліп, аумақ көгалдандырылып, абаттандырылады,-делінген оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.
Қазақстанда білім беру саласында инфрақұрылым жобалары 2019 жылдан бастап жаңартылып келеді. Осы уақыт ішінде жаңа 1200 білім ошағы ашылды.