6 часов назад

Парижде Нұрғиса Тілендиевке арналған көрме ашылды

Көрме ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ұйымдастырылды.

Парижде Нұрғиса Тілендиевке арналған көрме ашылды
Мәдениет және ақпарат министрлігінің фотосы

Франция астанасында қазақ музыкасының сайыпқыраны, әйгілі күйші композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевке арналған көрме ашылды. Заңғар тұлғаның 100 жылдық мерейтойына арналған «Шабыт бастауы: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтті. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлайды.  Халық қаһарманы, дирижер, аса көрнекті өнер иесінің ғасырлық мерейтойы – тек қазақ халқы үшін ғана емес, барша өркениетті әлем үшін елеулі оқиға. Бұл маңызды дата ЮНЕСКО тарапынан халықаралық деңгейде аталып өтетін мерейтойлар қатарына енгізілді. 

Аталмыш көрмеде Алматы қаласындағы Музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70 жуық құнды жәдігер қойылған. Олардың қатарында композитордың өз қолымен жазған партитуралары, сирек фотосуреттері, жеке заттары, сондай-ақ Ахмет Жұбанов сыйға тартқан «Дариға домбыра» да бар. Бала Нұрғисаның музыкалық білім алуына Ахмет Жұбанов себепкер болған еді. Алты тақырыптық бөлімнен тұратын көрме композитор шығармашылығының сан қырын аша түсіп, қазақ музыкасының терең тамыры мен өрісі кең болмысын бейнелейді.

— Қазақ музыкасының алтын арқауы болған тұлғаның мұрасына көрсетілген зор құрмет, түркі дүниесінің ортақ рухани кеңістігін жаһандық деңгейде танытудың жарқын көрінісі,- деп Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов атап өтті.

Игі шара «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалаған көрнекті тұлғаның шығармашылығын насихаттауға, қазақтың бай музыкалық мұрасын шетел жұртшылығына кеңінен танытуды мақсат тұтады. Нұрғаса Атабайұлы —  500-ден астам музыкалық туындыны жазған аңыз тұлға. Ол елуден астам драмалық қойылым мен жиырмаға тарта фильмге музыка жазған. Қазіргі таңда композитордың еңбектері біртұтатыс ұлттық мәдени мұрасына айналды. Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығын дәріптейтін көрме 19 маусымға дейін ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өтпек.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp