Қазақстанда дәрігерлерге күш қолданғандарға қатысты жаза күшейе ме?
Мәжіліске дәрігерлерге күш көрсеткен жандарға қатысты жазаны күшейту туралы ұсыныс келіп түсіпті.
Мәжілісте дәрігерлерге күш қолданғандарға жазаны қатаңдату туралы ұсыныс қаралады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов хабарлады.
— Бүгін дәрігерлерді қорғауға арналған маңызды заң жобасын жұмысқа қабылдадық. Онда медицина қызметкерлеріне күш қолданғандарға жазаны қатаңдату ұсынылған, — дейді депутат.
Ол соңғы жылдары мұндай жағдайлар жиілеп кеткенін атап өтті.
— Бірі жұмыс орнында соққыға жығылды, енді бірі, тіпті жедел жәрдемге келген үйде қорлық көрді. Президент бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, жазда депутаттардың ұсыныстарын қолдайтынын айтып, Үкіметке нақты тапсырма берді. Дәрігер қорғансыз болмауы тиіс!, — дейді депутат.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде дәрігерді қатыгездікпен өлтірген медицина қызметкері 20 жылға сотталған болатын.
Сонымен қатар, Қостанайда облыстық ауруханада дәрігерді соққыға жыққан 34 жастағы Абылайхан Саринжеповке қатысты сот үкімі шықты.