Биыл 4427 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
Биыл 4000 астам этникалық қазақ Отанымен қауышты.

Биыл 4427 этникалық қазақ Отанына оралды. Олар қандас мәртебесін алыпты. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Қоныс аударушылардың басым көпшілігі - Қытай Халық Республикасынан. Екінші орында Өзбекстан мемлекетінен келгендер жайғайсыпты. Олардың пайыздық үлесі 40,9% құрайды. Қандастар Түрікменстан, Моңғолиядан, Ресейден және өзге мемлекеттерден көшіп келген.
Биылғы жылдың бірінші мамырдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,7% құрайды.
Тарихи Отанына оралғандар еліміздің түпкір-түпкіріне қоныстанды. Сонымен қатар азаматтарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Ол тізімге Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облысы енді.
Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 2025 жылғы бірінші сәуірдегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 765 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 айлық есептік көрсеткіш (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Жыл басынан бері 339 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 136 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50% немесе бір отбасына 4,56 миллион теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.
- Бөрлі ауданында 38 адам саяси-қуғын сүргіннің құрбаны болды
- БҚО-да Ұлттық ауылшаруашылық санағын ұйымдастыру үшін 113 млн теңге бөлінді