БҚО-да кезегімен жер алғандар 6 жыл газсыз отыр
Теректі ауданына қарасты Жаңаөмір ауылының тұрғындары кезегімен жер алып, алты жыл көгілдір отынсыз күнелтіп отыр.

Теректі аудананы қарасты Жаңаөмір ауылында жаңадан бой түзеген шағын аудан тұрғындарының қуанышы көпке созылмады. 2019 жылы Жаңаөмірде жер кезегінде тұрған жандарға жер телімі берілген. Аудан әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, 780 учаске беріліпті. Жер алып, үй салған тұрғындар әлі күнге дейін су мен көгілдір отынға жарымай отыр. Олар алты жылдан бері электр пеш қосып, үйлерін жылытады. Осы ауылда туып-өсіп, он жылдай жер кезегінде тұрған Айсұлу Бахтиярова қазаннан бастап, электр энергиясы үшін 120-150 мың теңге ақы төлейтінін айтып, шағымданды.
— Шаған ауылдық округінің жанында 780 участок берілді. Тұрып жатқан адамдар бар. Бірақ газ бен су өткізілмеген. Теректіден екі трансформатор берілген. Светіміз бар. Бірақ газ мәселесі қиын болып тұр. Облыстық бюджеттен 650 миллион берілді. Сәуір айынан бастап газ өтіп жатыр. Жеті ай болды көгілдір отын үйімізге кіретін түрі жоқ. Қазып жатыр. Бірақ жобаның қашан аяқталатынын ешкім білмейді! Салқын түсті. Үйлерде кішкентай балалар бар, жақында босанатын көршілерім де бар. Олар салқында қалайын деп тұр. Сол себепті бізге газ керек. Тездетіп берілсе, жақсы болар еді. Су мәселесін айтсақ, төрт жыл бұрын қазды, жобаны өткізді. Бірақ тұратын адам саны аз болғандықтан деп «Ақбұлақ» бағдарламасымен өткізбей тұр. Бәрі нашар жағдайда! Үйді жылыту үшін электр пеш қосамыз. Қазан айынан бастап жарық үшін 150 мың теңгеге дейін ақша төлейміз, — дейді Жаңаөмір ауылының тұрғыны Айсұлу Бахтиярова.
Жаңаөмірліктерді толғандырған мәселені Теректі ауданы әкімдігінен сұрап білдік. Әкімдік таратқан ақпаратқа сенсек, 2019 жылы берілген 780 участоктың 50 жекеменшікке берілген. Қазіргі таңда Шаған ауылдық округіне қарасты елдімекенде «Газстрой» атты компания көгілдір отын өткізбек. Мердігер компания тек 16 қыркүйекте ғана жұмыс істеуге талон алған. Аталған жұмыстар үшін облыстық бюджеттен 420 764 мың теңге бөлініпті. Мердігер газ өткізу жұмыстарын осы жылдың желтоқсанында аяқтауы тиіс. Жер қатып, қар түскенде мердігердің аталған жұмысты аяқтауы екі талай.
Атқамінерлер тіршілік нәріне қатысты мәселеге байланысты былай деп ақпарат берді.
— Жаңа Өмір ауылының бір су көтергіш станциясына жаңа ұңғыма қазу мақсатында аудандық бюджеттен 3 500 000 теңге қаражат бөлінді. Қазан айында конкурстық рәсімдер жүргізіліп, жаңа ұңғыма қазу жоспарлануда, — делінген Теректі ауданы әкімдігінің ресми жауабында.
Тіршілік нәрі мен көгілдір отыннан тарыққан тұрғындар әлі суық пен суды тасып ішуге шыдай тұрмаса, жоспарланған істің қашан аяқталары беймәлім.
Жалпы Теректі ауданында 14 755 адам жер кезегінде тұр. Оның 1244 Жаңаөмірдің тұрғыны екен. Биыл ауданда тек алты тұрғын тегін участокке ие болыпты. Оның төртеуі — Юбилейный ауылында, қалғаны осы су мен көгілдір отынға жарымай отырған Жаңаөмірден алған.
— Ақжайық ауылында 135 жер учаскесіне электр желісі жүргізілді, алайда су және газ тартылған жоқ. Қазіргі уақытта су және газ тарту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама (ПСД) әзірленуде. Юбилейный ауылында 234 жер учаскесіне су және электр желісі жүргізілді. Газ жүргізу мәселесі «Ринго Милк» ЖШС-ның санитарлық-қорғау аймағына байланысты уақытша жұмыстар тоқтап тұр. Ақсуат ауылындағы 310 жер учаскесіне су жүргізілді. Электр және газ тарту жұмыстары санитарлық-қорғау аймағына байланысты мәселе шешілгенге дейін уақытша тоқтап тұр. Осылайша, аталған елді мекендерде инженерлік инфрақұрылым кезең-кезеңімен жүргізілуде, алайда кейбір жұмыстар объективті себептерге байланысты тоқтатылған, — делінген Теректі ауданы әкімдігінің ресми жауабында.
Соңғы рет Шаған ауылдық округіне қарасты Жаңаөмір ауылында 2019 жылы жер телімі берілген. Аудан билігі аталмыш ауылда әзірге берілетін жер телімі жоқ деп ақпарат берді.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйекте Теректі ауданына қарасты Жаңаөмір ауылының тұрғындары қалаға қатынайтын автобустың жоқтығын айтып шағымданған еді. Тұрғындар жолдың жоқтығын да тілге тиек етті.