БҚО-да ауыл тұрғындары қалаға қатынау үшін автобус сұрайды
Теректі ауданына қарасты Жаңаөмір ауылының тұрғындары бірнеше айдан бері қоғамдық көліктен қағылып, қалаға таксимен баруға мәжбүр.

Қаланың іргесінде орналасқан Теректі ауданына қарасты Жаңаөмір ауылының тұрғындары автобус жоқтығынан зардап шегіп отыр. Ауылдық ағайын бірнеше айдан бері қоғамдық көлік жүрмегесін, такси қызметін пайдалануға мәжбүр.
Тас жол жөнделіп жатқандықтан, таксидің де қызметі қымбаттапты. Бірінші қыркүйектен бастап, жалдамалы темір тұлпар бір адамға 500 теңге көлемінде жол пұлын алады. Таңертең мен кешкілік уақытта ауыл тұрғындары таксиге сыймай, көлік тоқтатады. Қымбаттаған такси ауылдың ішіне кірмейді екен. Қоғамдық көліктің зардабын көрші Барбастау ауылының тұрғындары да тартып отыр.
— Үлкен кісілер, мүгедек адамдарымыз бар. Кішкентай баласы бар аналар да көп. Студенттер сабаққа жете алмай жатыр. Автобус жоқ. Қиын болып тұр. Мұқтаж болып тұрмыз. Таңертең автобус жоқ таксимен жүреміз. Такси үлгере алмайды. Адамдар таңғы алтыдан бастап жұмысқа шығады. Жетіден кеткенде бүлдіршіндерді балабақшаға, Подстепное мен қалаға тасиды. Балабақша жетіспейді. Бізде Барбастауда мектеп те, балабақша да жоқ. Автобус уақытымен жүреді. Бізге автобус жағынан көмек керек, — дейді Барбастау ауылының тұрғыны Қаныбек Жұпмұхамбетов.
Шаған ауылдық округіне қарасты Жаңаөмір ауылында қордаланған мәселесі көп. Тұрғындар ауылішілік жолдардың жоқтығын, қоқыс төгетін жәшіктер, полигонның жабылғанын, жел тұрса жарық сөнетінін айтып шағымдануда. Жақында атауы өзгерген ауылдық мәселесі сол қапында қалыпты. Ауылдық ағайын әкімнің де жұмысына көңілі толмайды, сынға алады.
— Біздерге өте қиын. Автобус жоқ. Біздің таксистер бірінші қыркүйектен бастап жол ақысын көтерді. Оның алдында 400 теңге болып еді. Енді мына айналым жолға байланысты көтеріп жіберді 500 теңгеге. Бірақ олар ауылға кірмейді. Ауылдың шетімен шеті жоқ. Ауылдың кіреберісінен тастап кетеді. Қазір күн жылы, ертең қыста күн боранда, күн балшықта үйге жету қиын. Автобус мәселесін әкімде де айттық, бардық. Осы мәселені айтып, петиция жаздық. Бізде проблема көп. Таксистер ауылға жолдың жоқтығынан кірмейді. Свет үзіліп қала береді. Алдында біреудің ауласына түсіп кетті. Үй өртене жаздады. Жазғы уақытта су жоқ. Нағыз аптап ыстықта біздер сусыз отырдық. Оған қоса кішкентай балаларымыз көлге суға түсетін еді. Оны жауып тастады. Суға түсуге болмайды деп айыппұл сала берді. Не үйде суға түсе алмайсың, не далаға шомыла алмадық. Ауылда қаңғыбас ит көп. Үлкен алабай иттер шауып жүреді. Бала түгілі, ересектер қорқамыз. Свалканы жауып тастады. Қоқыс төге алмаймыз. Аулаға жағуға болмайды дейді. Свалкаға төгуге болмайды. Сонды біз қоқысты не істейміз? Қоқыс жәшігі тағы жоқ, — деді Жаңаөмір ауылының тұрғыны Анастасия Гильманова.
Жаңаөмір ауылының тұрғындарын толғандырған сауалдарын Шаған ауылдық округ әкімі Ербол Исеевтен сұрап білдік. Ауылдың атқамінері автобустың екі-үш ай бұрын тоқтағанын хабарлады. Қоғамдық көліктің жүргізушілері ауыл мен қаланы жалғайтын 40 астам такси бар екенін айтып, автобуспен жан баласы жүрмейді деп шағымданыпты. Жаңаөмірде бір-ақ таксопарк құрылған екен. Алайда әкім мырза таксопаркте қанша көлік барын дөп басып айта алмады.
— Орал-Жаңаөмір бағытында стандарт бойынша үш автобус болуы керек. Бұрынғы уақытта жеті мезгіл автобус қатынап жүрді. Екі автобус болғасын, бірте-бірте өзара алмаса алмағасын, проблема басталды. Екі-үш ай турасында мүлдем қоғамдық көлік мүлдем өзінің қозғалысын тоқтатты. Осы мәселе бойынша біздер қоғамдық көлік тасымалдаушыларымен сөйлесіп, жеке кездесіп, себебін анықтадық. Бірден-бір себеп біздің маршрут пригородный болып саналады. Қашықтығы 50 километрге дейін. Сол себепті ол не субсидируется. Бұл маршрут Орал қаласының тұрғын үй коммуналды шаруашылығы бөліміне қарайды.Тасымалдаушылар бәсеке көп екенін айтады. бүгінгі күні ауылда қырыққа жуық көлік тасымалын қамтамасыз ететін таксистер бар. Маған бірнеше мәрте автобуспен келе жатырмыз, қоғамдық көлікте адам жоқ деп жазды. Рентабельность жоқ деп маған өз себебін түсіндірді. Бүгінгі күні аталған мәселе бойынша аудандық тұрғын үй коммуналды шаруашылығы бөліміне хабарластық. 25 қыркүйекте Жаңаөмір-Орал тасымалын ұйымдастыру бойынша конкурс ұйымдастырылатын болады, — деді Шаған ауылдық округінің әкімі Ербол Исеев.
Облыс орталығынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан автобустарды Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі қадағайды. Қазіргі таңда шаһар мен оның маңында орналасқан елді-мекендерді жеті маршрут жалғайды. Қазіргі таңда оның төртеуі жүріп тұр. Қалған ауылдарға қатынас ұйымдастыру үшін конкурс ұйымдастырылмақ. Сала мамандары қазіргі таңда конкурсқа құжат тапсырған тасымалдаушы жоқ екенін мәлімдеді.
— Бүгінгі таңда қаламызда 27 қалалық, он саяжай және жеті қала маңында тұрақты бағыттар бойынша автобус жұмыс істейді. Жалпы желіде шамамен 300 жуық автобус тұрғындарға қызмет көрсетіп отыр. Қала маңындағы маршруттар бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Конкурсқа қатысуға тасымалдаушылардан өтінім түспеуіне байланысты аталған конкурс бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Осыған ұқсас біз үш қала маңындағы маршруттарға конкурс өтті. Конкурс нәтижесінде жеңімпаздар анықталды. Қазіргі уақытта 2023 жылғы бөліммен жасалған келісімшарт мерзімі бітті. Біздер бір жыл көлемінде ұзартқан болатынбыз. Қазіргі уақытта ол тиімсіз деп тасымалдаушылар бас тартып отыр. Сол себепті жаңадан конкурс ұйымдастырып, жеңімпазды анықтауға жұмыстанып жатырмыз. Конкурс 2025 жылдың қаңтарынан бастап ұйымдастырылып келеді. Осымен бес рет өтті. Конкурсқа қатысуға бірде-бір тасымалдаушы ниет білдірмеді. Орал-Жаңаөмір бағытында қатынайтын №66 маршрутта жол ақы 200 теңге көлемінде белгіленді, — деді Орал қаласы тұрғын үй коммуналды шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрбол Сабыржанов.
Ал, Жаңаөмірде ауылішілік жолдарға асфальт төсеу үшін 5,1 шақырым жерге ертеректе жобалық-сметалық құжаттар жасақталыпты. Қазіргі таңда құжаттамаға өзгерістер енгізіп, жобаны құны 688,1 миллион теңгені құрайды.
— Ауылдың негізгі тоғыз көшесін асфальттау бойынша қатты табанды төсем төсеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, дайындалды. Жалпы ұзындығы 5,1 километрді құрайды. Аталған сомма бойынша бюджетке өтінім бердік, — дейді Жаңаөмір ауылының әкімі.
Ауылдық ағайын қоқыс полигонның жабылғанына да наразы. Олар суға кеткен саяжайларды бұзып, елдімекеннің маңында орналасқан осы полигонға тастаған. Сол себепті қоқыс полигоны тұрғындардың пайдалануы үшін жабылған көрінеді. Қоқыс тастаса айыппұл төлейтін көрінеді. Ауыл тұрғындары қоқыс жәшігінің жоқтығына да қапалы. Ал, ауыз су мәселесі көпті алаңдатып отыр. Аптап ыстықта тұрғындар тіршілік нәрінен тарыққан. Ауыл әкімі жаңаөмірліктерді толғандырған мәселені бірлесіп шешпек.
Қазіргі таңда Шаған ауылдық округінде төрт мыңнан астам адам өмір сүреді. Ал, Жаңаөмір ауылында 890 астам түтін бар.
Медет Медресовтың фотосы