БҚО-да жасырын бақылауға арналған 5 дана «X-Spotter» кешені іске қосылды
Полиция департаменті төрт кешен арнайы бояу мен жарық сигналы жоқ қызметтік көлікке, ал біреуі қоғамдық көлікке орнатылғанын хабарлады.

Батыс Қазақстан облысында төртінші шілдеден бастап жол қозғалысы қауіпсіздігі арттыру мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін қосымша он дана мобильді автоматтандырылған бақылау жүйесі қолданысқа енгізілді. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Олжас Ибрайымов мәлімдеді. Жаңа жүйенің бесеуі -«Кибер-Шериф» жүйесіне ұқсас, «Ekin Patrol» кешені. Қалған бесеуі- жасырын бақылауға арналған «X-Spotter» кешені. Жасырын бақылауға арналған кешеннің төрт данасы полицияның арнайы бояуы мен жарық сигналы жоқ қызметтік автокөліктерінің салонына, біреуі қалалық бағыттағы автобустардың ішіне орнатылған.
-Аталған бақылау құралдары қала көшелерінде және қала сыртындағы тас жолдарда жылдамдықты арттыру, тоқтау және тұрақ ережелерін бұзу, қарсы қозғалыс жолағына шығу секілді жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын автоматты режимде тіркейді,-дейді Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Олжас Ибрайымов.
Тәртіп сақшылары жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.