БҚО әкімі басқарма басшыларына жолдауды орындау үшін тапсырма жүктеді
Облыстық әкімдікте цифрландыру саласын қолдану аясын кеңейту мен атқарылу тиіс жұмыстарды пысықтауға арналған жиын өтті.

Орал қаласында аймақ басшысы Нариман Төрағалиев барлық басқарма басшылары, кәсіпкерлер мен цифрландыру саласында жұмыс істейтін мамандардың басын қосты. Президенттің 2025 жылғы жолдауынан соң, цифрландыру мен жасанды интеллекке екпін салынды. Экономиканың әр саласын дамыту үшін осы цифрландыруға көп күш салмақ. Аймақта атқарылуы тиіс тапсырмаларды өңір басшысы үйіп берді. Жиында облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев сөз алды. Төраға Ақжайық өлкесінің дамуын жіпке тізді.
Ал, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры AI SANA бағдарламасы аясында студенттердің жасанды интеллекті пайдаланып, бес бағдарламаны жасақтап жатырғанын хабарлады. Жаңа бағдарламаның арқасында оқу орнының гранттары туралы ақпаратты 27/7 алуға болады.
Университетте Face ID бағдарламасы іске қосылды. Оның көмегімен студент пен оқытушының қай уақытта ғимаратқа кіргенін, қай сабаққа қатысқаны туралы ақпаратты білуге болады. Бұл университетте тәртіпті күшейтпек. Ректор енді сабаққа келмейтін студенттің артынан кураторы жүгірмейді, ешкім де түгендемейді деп айтты.
Аймақ басшысы Махамбет университетінде іске қосылған цифрлы бағдарламаларды колледждер мен мектептерге қосу керектігін айтып, іске қосуды тапсырды.
Мемлекет басшысы кезекті жолдауында су ресурсына көңіл бөліп, осы ресурсты сақтап қалу үшін цифрлы бағдарламаларды іске қосуды тапсырған еді. «Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Рауан Хусайынов аймақтағы жағдайды баяндады. Мекеме басшысының сөзіне сенсек, 50 жылдан астам пайдаланып келген үш су қоймасы мен жеті магистралдық каналды қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленуде деп хабарлады. Бұл жобалардың арқасында тіршілік нәрін есепке алу мен гидротехникалық ғимараттарды басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу көзделген.
— Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан Киров су қоймасын қайта жаңғырту, Көшім магистралдық каналы мен Шаған өзені тармағын механикаландырылған тазарту, сондай-ақ, жаңадан басталған Жәнібек ССЖ-н қайта жаңғырту жобаларында да автоматтандыру жүйелерін енгізу жұмыстары қарастырылған. Су қоймаларының сыйымдылығын арттыру, тасқындық ағынды жинақтау және облыстың оңтүстік аудандары халқын сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында Қараөзен және Сарыөзен өзендерінде екі су қоймасын салу көзделуде. Сонымен қатар, Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендеген кезеңде Қараөзен өзенінің бойында орналасқан елді мекендерді тұрақты сумен қамтамасыз ету және Жайық-Көшім жүйесін кепілдендірілген сумен қамту мақсатында, Жайық өзенінде өнімділігі 13,3 м³/с болатын қалқымалы сорғы станциясы салынды. Биылғы жылы қыркүйек айынан бастап республикалық бюджет есебінен Жайық өзенінен механикалық тәсілмен 50 миллион м³ көлемінде су көтеру жоспарланған, — деді «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Рауан Хусайнов.
Жыл сайын мекеме өз күшімен өңірде су нысандарын техникалық тұрғыда жарамды күйде ұстау, тіршілік нәрінің шығындарын азайту, су ресурстарын ұтымды пайдалану және каналдардың пайдалы әрекет коэффициентін арттыру мақсатында тазарту жұмыстарын жүргізеді. Өткен жылы 74 шақырым каналға ішінара механикаландырылған тазарту жұмыстары жүргізіліпті. Биыл мамандар 144 километр тазарту жұмыстарын жоспарлапты. Күні бүгінге дейін 100 шақырым канал тазартылған.
Су ресурстары министрлігінің қолдауымен филиалдың автокөлік және арнайы жер қазу-құрылыс техникасы паркі жаңартылды. 2024–2025 жылдары 72 бірлік техника сатып алу жоспарланыпты. Қазіргі уақытта оның 65 темір тұлпар келген.
Су шаруашылығының жұмысын тыңдаған өңір басшысы барлық басқарма басшыларына мемлекет басшысының жолдауын орындау үшін тапсырма жүктеді. Ол инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, барлық салаға цифрландыруді енгізумен, цифрлық даму басқармасының теңгеріміне облыс орталығында орналасқан Абай даңғылы 54/9 мекенжайында орналасқан ғимаратты беруді тапсырды. Бұрын бұл ғимарат Орал қаласы әкімдігіне тиесілі болды.