Бөрлі ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 445 тонна қоқыс шығарылған
Тазалық акциясына бес мыңнан астам бөрлілік қатысыпты.

Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауында елдің экологиясына аса мән беріп, «Таза Қазақстан» акциясының маңызына тоқталды. Межелі міндетті орындау үшін қазақстандықтар барын салуда. Әрбір аймақта акция аясында сенбіліктер мен тал-терек отырғызылып жатыр.
Осындай игі іс-шаралар Бөрлі ауданында да жүзеге асып жатыр. Аудан әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, Бөрлі «Таза Қазақстан» акциясы аясында 445 тонна қоқыс шығарылыпты. Науқанға бес мыңнан астам адам қатысқан.
— Акция аясында 16 мыңнан астам ағаш отырғызылып, орман шаруашылығы арқылы 600 мыңнан аса жасыл желек егілді. Бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, болашақ ұрпаққа таза әрі қолайлы орта қалыптастыру, — деп хабарлады Бөрлі ауданының әкімдігі.
Мемлекет басшысы жүктеген міндетті орындау аудан орталығында жиын өтті. Кездесуде атқарылуы тиіс міндеттер пысықталып, орындалатын жұмыстардың жоспары даярланған.
— Кеңес барысында әлеуметтік жобаларды дамыту, отбасылық құндылықтарды нығайту, интернет алаяқтықтың алдын алу, өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту, экологиялық ахуалды жақсарту, кәріз тазарту станциясының құрылысы, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселелері қаралды.Аудан басшысы әлеуметтік саясаттың маңыздылығын атап өтіп, көпбалалы отбасыларды қолдау мен үлгілі шаңырақтарды дәріптейтін жаңа жобаларды әзірлеу тапсырылды. Бұл бастамалар қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайтуға, жас ұрпаққа өнеге болуға бағытталмақ. Технология дамыған заманда интернет алаяқтықтың қаупі күшейіп келе жатқанына назар аударылды. Осыған байланысты, былтырғы жолдауда бастау алған «Заң және тәртіп қағидаты» аудан көлемінде биыл да жүйелі түрде жалғасын табатын жеткізді. Алдағы уақытта қауіпсіздік шараларын күшейтуге айрықша көңіл бөлінбек, — делінген Бөрлі ауданы әкімдігінің ресми жауабында.
Жаңа жолдауда жас ұрпақтың сапалы білім алу мәселесі айтылды. Бөрлі ауданында үш мектептің құрылысы жүріп жатыр. Білім ошағы «Келешек мектептері» жобасы аясында бой түземек. Қазіргі таңда Пугачев ауылында 300 орындық, Ақсай қаласында №1 мектептің жаңа ғимараты және 13 шағын ауданда 900 орындық №7 білім ошағы салынуда.