Батысқазақстандық 66 оқушы республикалық олимпиадаға жолдама алды. Бұл туралы «Дарын» қосымша білім беру орталығы хабарлады.

Орталықтың таратқан мәліметіне сенсек, қазіргі таңда жаратылыстану-математика бағытында өтетін білім бәйгесі өз мәресіне жетті. Оған 35 оқушы қатысты. Нәтижесінде 11 қатысушы жүлдеген атанған. Жарыс Алматы, Астана, Қостанай шаһарында ұйымдастырылыпты.

Жаратылыстану бағыты бойынша І орынды Жұмабай Аяпберген иеленді. Ол география пәнінен қатысқан. Оқушы Батыс Қазақстан облысының дарынды балаларға арналған мамандандырылған "БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ" мектеп-лицей-интернатында оныншы сыныпта оқиды.

ІІ орынды Бекәлі Алмасұлы қанжығалады. Оқушы Батыс Қазақстан облысының дарынды балаларға арналған мамандандырылған "БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ" мектеп-лицей-интернатында білім алады.

Сайыстың күміс медалін физика пәнінен Жан Балтиев иеленді. Ол дарынды балаларға арналған мамандандырылған "БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ" мектеп-лицей-интернатында білім алады.

Республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математика бағыты бойынша сегіз оқушы үшінші орын иеленді.

Қазіргі таңда республикалық байқаудың гуманитарлық бағыты бойынша сайыс әлі аяқталған жоқ. Оған 31 оқушы қатысып жатыр. Ең соңғы байқау ағылшын тілінінен Петропавл қаласында 21 сәуірде өтеді деп жоспарлануда.