Батыс Қазақстан облысында жедел жәрдем балшыққа батып, көлікті құтқарушылар сүйреп шығарған. Бұл туралы 112 телеграм каналы хабарлады.
Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, жедел жәрдем көлігі Бозоба мен Казталов ауданы орталығының арасында балшыққа батқан. Көліктің ішінде көмекке мұқтаж екі жасар сәби мен оның анасы болыпты. Құтқарушылар жолда қалған темір тұлпарды асфальтқа дейін сүйрепті. Науқастың ауруханаға уақытылы жетуі үшін төтеншеліктер сүйемелдеп жеткізген.
Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының таратқан ақпарына сүйенсек, нәресте Казталов аудандық ауруханасына жеткізілген.
-Сәбидің жағдайы тұрақты. Қазіргі таңда медициналық тексерулер жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.