Бөрліде алғаш рет іскер әйелдер форумы өтті
Ақсай қаласында қоғамда белсенді, түрлі кәсіпті меңгеріп, бизнеске араласқан нәзік жандылар бас қосты.

Бөрлі ауданында тұңғыш рет “Еңбегі еленген арулар” атты іскер әйелдер форуымы өтті. Бұл туралы аудан әкімдігі хабарлады. Сала мамандары таратқан ақпаратқа сүйенсек, Орал қаласы, Шыңғырлау мен Теректі ауданына арнайы форумға қатысу үшін келген.
Шара аймақтың іскер әйелдер қауымдастығы жергілікті билік органдарының қолдауымен ұйымдастырылды. “Арман” мейрамханасында өткен форумда алдымен облысымызда жетістікке жеткен кәсіпкер әйелдер жайлы бейнеролик көрсетілді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Алтай Тоқжанов бүгінде елімізде мемлекеттік бағдарламалар арқылы әйел кәсіптерін өркендетіп, жалпы түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген әйелдердің қатары артып келе жатқанын атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, егемен елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды.
Нәзік жанды әйелдер еңбекте баршаға үлгі болып, бизнесте де табысты еңбек етіп, маңызды мемлекеттік құрылымдарын басқара отырып, барлық қоғамдық, саяси істерге де белсене қатысып келеді. Қасиетті отбасы ошағының отын үзбей, халқымыздың дәстүрі мен салт-санасын, мәдениетін, тарихы мен тілін қастерлеп, балаларымыздың бойына дарытып отырған да әйелдер, аналар.
Кәсіптің кілтін тауып, нарықтың күрделі заңына төтеп беріп, әр істің мәнісіне үңіле білген сіздер – ел дамуының үнсіз батырлары, экономиканың нәзік иықты тірегісіздер.
Елімізде әйел кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар өз нәтижесін беруде. Соның жарқын дәлелі – ауданымызда түрлі салада табысты жұмыс істеп отырған сіздердей арулардың көбейіп келе жатқаны, - деді аудан әкімінің міндетін атқарушы Алтай Тоқжанов.
Форумның мақсаты – еңбекқор, бастамашыл әйелдердің еңбегін дәріптеу, тәжірибе алмасу, өзара ынтымақтастықты нығайту және әйел кәсіпкерлігін дамытуға серпін беру.
Бөрлі жеріндегі бүгінгі басқосу – еңбекқорлық пен іскерлік, табандылық пен төзімділік секілді асыл қасиеттерді бойына сіңірген кәсіпкер әйелдер қауымының қоғамдағы орнын айшықтайтын айтулы шара екенін ерекше атап өтті келген қонақтар.
— Іскер әйелдер қауымдастығы Қазақстанда 30 жыл бұрын құрылды. Егемендік алғаннан кейін құрылған үлкен үкіметтік емес ұйымдардың бірі болды. Өткен аптада Берлинде өткен Жаһандық әйелдер форумына БҚО облысының делегаттары қатысты. Бүгін Бөрлі ауданындағы басқосуға келдік. Облыстық іскер әйелдер қауымдастық ортасы кеңейіп жатыр. Ақсай - өнеркәсібі дамыған облысымыздағы екінші қала. Әрине, Ақсай қаласында мүмкіндік мол. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған бүгінгі форум - әсері мол кездесу болды, - деді Батыс Қазақстан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Жансұлу Төремұратова.
Форум алдында кәсіпкер әйелдердің жетістігін көрсететін көрме ұйымдастырылды. Жиналушылар назарына нәзік жандылардың қолынан шыққан тұрмысқа қажетті бұйымдар, заттар ұсынылды. Жәрмеңкеге ұласқан көрме көпті қызықтырды. Кәсіпкерлік саласында жетістікке жеткен Асел Сұлтанғалиева Астанада өткен халықаралық Экспо-17 көрмесіне қатысқан. Кәсіпкер осындай форумның арқасында тәжірибе алмасып, кәсібін дамытуды жоспарлап отыр.
Форум аясында шағын және орта бизнесті дамыту, әлеуметтік бағыттағы жобаларды қолдау, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, цифрлық контент, сән индустриясы мен білім саласын дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар өз жетістіктерімен бөлісіп, жобаларын таныстырды. Шара барысында Бөрлі ауданының белсенді әйелдері аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың алғыс хатымен марапатталды.
Биыл Бөрлі ауданында іскер әйелдер қауымдастығы құрылды. Луиза Кусаинова жетекшілік ететін қауымдастық алдына зор мақсат қойып отыр. Қазіргі уақытта қауымдастыққа мүше болған іскер әйелдердің саны - 15. Алдағы уақытта белсенді әйелдер қатары артады. Аудандағы нәзік жандардың қоғамдық өмірде белсенділігін арттыруда қауымдастықтың атқарар жұмысы көп.
Форумға қатысушылар аталмыш шара басталған жұмыстарды жалғастыруға, жетістіктерге жол ашып, жаңа серпін беретініне сенім артты. Сондай-ақ бір-бірімен өзара байланыс орнатып, болашақта бірлесіп жұмыс атқаруға дайын екендігін атап өтті. Кеш соңы мерекелік концертке жалғасты.