Самарқанның көк тасы жібіп, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген шағында барша түркі халқы Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мерекесін тойлайды. Түркі халықтарына ортақ мейрамның тарихы тереңде жатыр. Бұл күні мейрамның басты тағамы Наурыз көжені дайындап, думандатқан жандар осы көженің дәмін татады.

Наурыз көжеге тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосылады. Түркі халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан, наурыз көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Оған қоса, ол - тоқшылық пен ырыс құттың жоралғысы.

Тағамның құрамы: бір келі ет, қазы-қарта, 100 грамм бидай, 100 грамм күріш, 100 грамм жарма, 100 грамм тары, тұз, үш литр су және бір литр айран.

Наурыз көжені дайындау үшін ең алдымен қазанға су құйып, ет, қазы-қарта жақсылап қайнатасыз. Алғаш қайнағанда сорпаның көбігін алуды ұмытпаңыз. Етті 1,5-2 сағаттай қайнатып, сүзіп алыңыз. Енді дәндерді жақсылап жуып, бірінші бидайды салып, бес минут қайнатыңыз. Екінші жарманы және күрішті салып, бес минут қайнаған соң, тарыны салыңыз. Талғамыңызға қарай тұздаңыз. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қойыңыз. Қазаннан түсірілген еттерді ұсақтап турап, барлығын сорпаға айранмен қосып араластырыңыз. Асыңыз дәмді болсын!