Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің қарсаңында Орал қаласында 43 отбасы баспаналы болды. Жаңа қоныстың иелері жылдар бойы үйдің кезегінде тұрған. Олар жаңа Ақжайық шағын ауданында бой түзеген қоныстан арендалық пәтерге ие болды. Тұрғындарға баспана кілтін аймақ басшысы табыстады.
– Кезекте тұрған халықты тұрғын үймен қамту ету- күн тәртібінде тұрған ең бірінші мәселе. Мемлекет басшысы да бұған аса назар аударып отыр. Осы тапсырмалардың аясында Батыс Қазақстан облысында жылма-жыл біз 1500-ға жуық пәтерді тапсырып келеміз. Соңғы үш жылда ауылдық жерлердің өзінде 1800-ге жуық пәтер бердік. «Жайық жастары» бағдарламасы арқылы 200-дің үстінде пәтердің кілті табысталды. Әртүрлі бағдарламалардың аясында биылғы жылы да Орал қаласында екі мыңның үстінде пәтер беретін боламыз, – дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Жаңа Ақжайық шағын ауданынан арендалық үйдің кілтін алған жанұяның бірі- Клара Сұлтанғалиева. Кейіпкеріміз– көпбалалы ана. Оның екі баласы мүгедектігі бар жандар екен. Ол баспана кезегінде 18 жыл тұрыпты. Осы уақыт ішінде көпбалалы ана талай қиындықты еңсеріп, жылдар бойы үй жалдап өмір сүріп келген. Бүгін үш бөлмелі пәтердің кілтіне ие болған Клара апайдың қуанышында шек жоқ.
– Біздер 2007 жылдан бері кезекте тұрдық. Екі балам мүгедек. Ұлымның құлағы естімейді. Ол үшінші топтың мүгедегі. Қызым мүгедектер арбасына таңылды. Ол жүрмеді. Пәтерді 18 жыл күттік. Өте қуаныштымыз. Қиындықты көп көрдік. Екі балам мүгедек. Талай жыл пәтер жалдадық. Қызым осы қуанышты көре алмай кетті. Ол жеті ай бұрын дүние салды. Менің алты балам бар. Осы күнге жеттік. Аллаға шүкір!, – дейді Орал қаласының тұрғыны Клара Сұлтанғалиева.
Жаңа шағын ауданда бой түзеген үйдің құрылысы өткен жылдың күзінде басталыпты. Баспананы «Болашақ-Т» компаниясы салған. Қала әкімінің орынбасары Азамат Халеловтың таратқан ақпарына сүйенсек, мердігер өз қаражатына баспаналы салыпты. Қала әкімдігі бір пәтердің шаршы метрін 320 000 теңгеге сатып алған.
– Үйді «Болашақ-Т» компаниясы салды. Баспана әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған. Бес қабатты, 60 пәтерлі үй. Жоспарға сәйкес, бұл- Ақжайық шағын ауданындағы кезекті үйіміз. Жалпы жылдың соңына дейін екі мыңнан астам пәтер кілтін беру жоспарда бар. Ақжайық шағын ауданында алты үйді береміз. Одан бөлек 13 баспананың құрылысы басталып жатыр. Осының барлығы екі мың пәтерді құрайды. Соның барлығын жылдың соңына дейін беру жоспарымыз бар. Жақында тағы да төрт баспананың кілтін береміз, – дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов.
Өткен жылдың 24 мамырынан баспана кезегіне тұру мәселесіне өзгерістер енді. Бұрындары тек белгілі бір санатқа жататын жандар үйдің кезегіне тұрды.

Жаңашылдықтарға сәйкес, қазіргі таңда бес жыл атында қонысы жоқ жандар баспана кезегіне тұра алады. Бұрындары кезек мәселесін жергілікті әкімдіктер қадағалады. Былтырдан бастап бұл міндет «Отбасы банкі» мекемесіне жүктелді.
Банк таратқан ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша 43 мыңдай адам үй кезегінде тұр. Орал қаласында 30 мың адам кезек күтуде.
– Былтырдан бастап «Отбасы банкіне» жалға берілетін арендалық үйлерді бөлу функциясы берілді. Бүгінгі шараны жұмыстың алғашқы нәтижесі деп айтуға болады. Орал қаласының 43 тұрғыны өздерінің баспаналарына қол жеткізіп отыр. Бұл жерде әділеттілік, ашықтық принципі бойынша бірінші кезекте тұрған жандар үйлі болады,– дейді «Отбасы банкі» Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Нұржан Калишанов.