Оралда жылдар бойы баспана кезегінде тұрған жандар үйлі болды. Жеңіс күні қарсаңында қоныс кілтін шаһар басшысы табыстады.
Жаңа баспана Ақжайық шағын ауданында бой түзеген. Үйді «Болашақ-Т» компаниясы салыпты. Үй- бес қабатты, 80 пәтерлі. Бүгінде 67 отбасы «Отбасы банкі» арқылы ипотекаға үй алды.
- Бүгін бәріміз қуантты сәтте тұрмыз. «Болашақ» компаниясы 80 пәтерлі үйдің құрылысын аяқтап, соның кілттерін бергелі тұрмыз. «Ақжайық» шағын ауданында бой көтеріп, жолдары мен су, кәріз желілері салынып, №9 маршрут жолаушыларды тасымалдап жүр. Бұл жерде көптеген үйлер салынады. Оған қоса шағын ауданда өзінің ауруханасы, екі мектебі бой түзейді. Бұл аудан өзін-өзі қамтитын аудан болады. Ай сайын жақсы жақсылықта жолығып тұрмыз. 20 мамырда тағы бір үйдің кілтін табыстаймыз, -деді Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов.
Үйлі болған жандардың бірі-Айша Салауатова. Ол —бірінші топтың мүгедегі. Айша 16 жылдан бері баспана кезегінде тұрыпты. Кейіпкеріміз бірнеше жылдан бері түрлі ипотекалық бағдарламаға қатысып келген. Алайда айы оңынан тумапты. Жалдамалы үйдің кезегі келмегесін баспананы несиеге рәсімдеген.
- Көзімнен бірінші топтың мүгедегі боламын. Қалада 2010 жылдан бері баспана кезегінде тұрмын. Осыдан бірнеше рет ипотекаға рәсімдеп, өтпей осы жолы жолымыз болды. Ақпан айында конкурстан өтіп, «Отбасы банкіге» барып, құжаттарды тапсырдық. Табысты сәтті растап, өз пәтеріміздің кілтін алдық. Екі бөлмелі пәтерді 16 жарым жылға несиеге рәсімдедік, -деді Орал қаласының тұрғыны Айша Салауатова.
Қазіргі таңда Орал қаласы бойынша 30 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Өткен жылы тұрғын үй заңнамасына өзгерістер еніп, кез-келген басында бес жыл баспанасы жоқ жан кезекке тұра алатын мүмкіндікке ие болды. Бұрын 7-8 санатқа жататын жандарға кезекке тұрып келді.