18 мамыр-Халықаралық музей күні. Мерекеге орай айтулы іс-шаралар көптеп ұйымдастырылды. Соның бірі- облыстық тарихи-өлкетану музейінде балаларға арналған - «Көне ойыншық — тәрбиенің көзі» көрме. Көрмеде балалардың ойыншықтары кезең-кезеңмен қойылған. 50 шақты экспонат түрлі кезең жайлы сыр шертеді.

Сала мамандары ойыншықтардың тарихын түгендеп, ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойындар туралы ақпарат беруді көздейді. Бүгінгінің баласы қолына ойыншық ұстап сирек ойнайды. Оның орнын гаджет пен телефон алмастырып отыр. Ал, баланың ойын ұштап, қиялына қанат бітіріп, тұлғалық дамуы үшін ойыншықтың алатын орны ерекше.

- Қазіргі таңда қолөнершілеріміз көптеген ойыншықтардың түрін жаңартып, бұйымдарын халыққа ұсынып жүр. Бүгін көрмеде ісмерлердің шеберлік сыныбы ұйымдастырылады. Балаларға ойыншық тоқып, үйретті. (..) Бүгінгі көрмеде ұмыт болып бара жатқан ойыншықтың бірі — ортеке. Ол ерте заманнан қалыптасқан. Домбырада түрлі күй тартып, ортеке биледі. Оған меймандардың назары ауып, оған қызығушылық білдіргені үшін қуанып тұрмыз , —деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозиция және көрме жабдықтау бөлімінің меңгірушісі Әсел Нәсіпқалиева.

Ашық есік күніне келіп, музейді аралаған жандардың қарасы қалың. Әсіресе, балалар мен жастар көп. Ата-аналар баласын жетектеп, құнды жәдігерлер жайлы түсіндіріп жүр. Соның бірі - Марина Сенғалиева. Қала тұрғыны бұған дейін қызын экологиялық музейге алып барған. Ол баланың жан-жақты дамуы үшін музейге апарып, жәдігерлермен таныстыру маңызды деп есептейді.

- Балаларымды музейге алып барамын. Музейде балалар көне бұйымдарды көріп, керемет әсер алады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бір жақсы жері ұлттық нақышта орындалған дүние көп. Сәндік қолданбалық бұйымдардың алуан түрі бар. Тоқылған кілемдер, көне ыдыстарға балалардың кішкентай кезінен қызығып өскені жақсы. Осы өнерге балаларым қызықсын деп музейге алып келдім, - дейді Орал қаласының тұрғыны Марина Сенғалиева.

Халықаралық музей күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде қару-жарақ көрмесі ашылып, кешкі сағат сегізде концерт ұйымдастырылмақ.