Оралда дарынды оқушылар 100 мың теңгемен марапатталды
Оралда «Ақжайық жас дарын-2025» форумы өтті.

Оралда дарынды оқушылар марапатталды. Салтанатты шара «Атамекен-өнер ордасында» өтті. «Ақжайық жас дарын-2025» облыстық форуымында түрлі білім бәйгесінде, олимпиада мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары мен ұстаздар қатысты. Өткен 2024-2025 оқу жылы батысқазақстандық өрендер үшін табысты болды. 76 оқушы түрлі білім додасына қатысып, республикалық олимпиадаларда жеңіс тұғырынан көрінген.
— Ең басты көрсеткіші республикалық олимпиада болса, қоғамдық-гуманитарлық бағытта біздің оқушыларымыз биыл оқушыларымыз республикадан екінші орын алып отыр. Жалпы командалық есеппен. Ұстаздарымыз болса, олар да өздерінің сайыстарында өте жақсы нәтиже көрсетіп, бес «Қазақ тілі» пәні, бес «Математика» пәні бірлескен он адамнан тұратын командалық жарыста республикада оларда бас жүлдені әкеліп отыр. Осындай ауыз толтырып айтатын, жетістіктеріміз биылғы 2024-2025 оқу жылында өте көп болып отыр, - дейді Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин.
Салтанатты жиында аймақ басшысы Нариман Төреғалиев биылғы оқу жылында топ жарған оқушылар мен оларды дайындаған ұстаздардың еңбегіне тоқталды. Облыстық форумда жас дарындар 100 мың теңгелік сертификаттармен марапатталды. Ал, ұстаздар облыс әкімінің «Алғыс хатына» ие болды. Өңір басшысы білім беру саласы дамыту мен жақсарту үшін атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізді. Әкімнің сөзіне сенсек, Облыста Соңғы үш жылда мектептерде материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға 960 миллион теңгеге 133 мектепке жиһаз және 2,7 миллиард теңгеге 54 мектеп автобусы сатып алынды, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 480 миллион теңге қаражат бөлінген.
— Оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында соңғы үш жылда облысымызда 7526 орынға 26 мектеп салынды. Соның ішінде КПО компаниясының әлеуметтік инвестициялық жобасы аясында 1344 орынға 16 мектеп, жергілікті бюджет есебінен 1982 орынға жеті мектеп, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 4200 орынға үш мектеп пайдалануға берілді. 24 мектеп күрделі жөндеуден өтті, сонымен қатар 2,7 миллиард теңгеге 230 заманауи пәндік кабинет сатып алынды. Алдағы үш жылда бес мыңға жуық орынға лайықталған жаңа мектептер пайдалануға беріледі, 86 мектеп күрделі жөндеуден өтетін болады, - дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Салтанатты жиында Орал қаласының Дінмұхамед Қонаев атындағы № 44 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Мирас Мұхит марапатталды. Жас түлек - Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша халықаралық зерттеу жобалар конкурсының ІІ орын иегері атанды. Жас дарынды математика пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Айгүл Нұрекешова үш жылдай дайындапты.
— Менің оқушым Мирас Мұхит Астана қаласында өткен халықаралық Өмірбек Жолдасбеков атындағы ғылыми жобалар байқауында екінші орын алып, күміс медаль алып келді. Оқушым жарысқа математика пәнінен барды. Сайыс 2025 жылдың наурыз айында Астана қаласында өтті. Мирас «Паскаль үшбұрышын шахмат ойынында қолдану» тақырыбында ғылыми жобаға қатысты. Біздер оқушымызбен үш жылдай дайындалдық. Қалалық деңгейден шығып, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейге жетіп отырмыз. Бұл - ең жоғары жетістік, - дейді №41 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Айгүл Нурикешова.
Марапатталған оқушылардың бірі - Аруна Зайдуллина. Жас дарын Ақжайық ауданы Абай атындағы мектеп-лицейінің түлегі. Ол ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІ орын иегері атанды.
— Былтыр қазақ тілі және әдебиетінен ауыл мектептерінің олимпиадасында және жалпы білім беретін пәндер олимпиадасынан екеуінен де бірінші орын алып, «Үздік ауыл оқушысы» атанып едім. Осы жылы жемісті жеңіс болып, мен жүлделі екінші орын алдым. Бұл - мен үшін үлкен жетістік! Мен үшін үлкен қуаныш, - деді Аруна Зайдуллина.
«Ақжайық жас дарын-2025» облыстық форумында жеңімпаз өрендер мен ұстаздар өнер ұжымдары дайындаған концертті тамашалады.