Оралда Отан қорғаушылар күніне орай концерт өтті
Концерт «Атамекен» өнер ордасында ұйымдастырылды.

7 мамыр Отан қорғаушылар күніне орай Орал қаласында мерекелік концерт өтті. Мерекелік кеш «Атамекен» өнер ордасында ұйымдастырылды. Мерекелік кешке Ұлттық ұлан сарбаздары, әскерилер және олардың жанұялары қатысты.
Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев мерекемен құттықтап, ақ жарма тілегін арнады.
– Биыл бұл мереке Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аясында өтуде. 1992 жылғы 7 мамырда Тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштері құрылып, егемен мемлекетіміздің әскери тарихында жаңа парақ ашылды. Осы күннен бастап айбынды армиямыз – ел қорғанына, халқымыздың сенімді тірегіне айналды.
Бұл мерекеде біз – бейбіт күннің қадірін арттырып, ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген Қарулы Күштердің ардагерлері мен қазіргі заманғы әскери қызметшілерге ерекше құрмет білдіреміз.
– Жалпы қазақтың тарихында жерін, елін қорғаған ұлы қолбасшылары да аз болмаған. Найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, ұлан ғайыр жерімізді аманат қылды. Бөгенбай мен Қобыланды, Қабанбай мен Райымбек, Махамбет пен Исатай, Абылайхан мен Ағатай бабаларымыз, Мәншүк, Әлия, Хиуаз апаларымыз бен Бауыржан Момышұлы батырымыз, Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаев аталарымыз жерін қорғап, намысын бермеген! – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Салтанатты іс-шарада еңбегі сіңген, тәжірибесі жас мамандарға үлгі боларлық әскерилер әкімнің алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік кеште күміс көмей әншілер ән шырқап, билер мың бұралып билеп, көрерменнің көзайымы болды.