Оралда 10 жыл бұрын істен шыққан турбинаның орнына жаңа турбоагрегат жұмысын бастады
Жаңа агрегат электр энергиясын өндіруге септігін тигізеді.

Жылу электр станциясында он жыл бұрын істен шыққан турбоагрегат өз жұмысын бастады. Аталмыш құрылғы - Ресейдің Калуга зауытының өнімі. Жаңа турбина қосымша 12 МВт көлемінде электр энергиясын өндіреді.
Осылайша, жылу электр станциясының жиынтық қуаты 58МВт құрайды. Турбоагрегаттың іске қосылуына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Ол өңірде жарықты пайдалану көрсеткіші жылдан-жылға өсіп келе жатырғанына тоқталды. Соңғы он жылда электр энергиясы тұтыну 30 пайызға артыпты.
— Бүгінгі таңда энергетика саласын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда, оның ішінде жылу-энергетика саласын жаңғыртуға соңғы екі жылдың өзінде бюджеттен 15,6 миллиард теңге бағытталды. Нәтижесінде, келесі жобаларды бастап, қолданысқа берген болатынбыз. Олар насостық станциядағы тарату құрылғысы, градирня, жаңа қазандық, №2 және №5 жылу магистралін қайта құру жұмыстары және Зашаған кентіндегі жаңа қазандықтың құрылыстары. Сонымен қатар Жапонияның «Хитачи» турбинасын кезекті жөндеу жұмыстарына да кірісіп кеттік. Бұл жүргізілген келіссөздердің оң нәтижесі.Бұл жұмыстармен біз тоқтап қалмаймыз! — дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Жылу электр станциясының №1 турбинасы осыдан 60 жыл бұрын іске қосылған еді. Тозығы жеткен құрылғы осыдан он жыл бұрын істен шықты. Жаңадан жасақталған турбоагрегатты «Жайық құрылыс» ЖШС орнатыпты. Оның құны 3,2 миллирад теңгені құрайды.
— Жаңа турбоагрегат автоматтандырылған. Біздің өңірге маңызды электр энергиясын өндіреді. Электр қуатын ұтамыз. Біздің облысқа қосымша 12 мегаватт электр энергиясын береміз. Жылу энергия станциясында үш турбина бар. №3 турбинаға жобалық-сметалық құжаттама жасақталып жатыр. Оны «Павлодар энерго-проект» жасауда. Қаржы бөлінсе, болашақта ауыстыруға жоспарлап отырмыз.Содан кейін біздерде үш энергетикалық қазан бар. Сол қазандарға да жоба жасақталуда. Себебі олар 95-96 пайызға тозып тұр. Биылғы жылдың жоспарында мекеменің қаржысына екі қазандықты жөндеу, 5,5 шақырым жылу желілерін ауыстырамыз, — деді «Жайық жылу қуат мекемесі» акционерлік қоғамы бас директорының міндетін атқарушы Бекболат Камешов.
Облыс орталығында 2035 жылға дейін жылу электр орталығы мен жылу желілерімен қазандықтарды шұғыл түрде жөндеу және қайта жаңғырту үшін арнайы жол картасы жасақталды. Оған 32 жоба еніпті. Алты жоба қысқа мерзімде орындалмақ. Ол үшін 33,9 миллиард теңге қаржы жұмсалады. Сала мамандары 12 жобаны орта мерзімде орындауды жоспарлап отыр. Оған 117,7 миллирад теңге ақша бөлінеді. Ал, 13 жоба ұзақ мерзімге жоспарланған. Бұл үшін 135,1 миллиард теңге бөлінеді.