Атырауда мұғалімдерге 81 қызметтік баспана беру мәселесі қарастырылмақ
Атырауда дәстүрлі тамыз мәслихаты өтті.

Атырауда дәстүрлі тамыз мәслихаты ұйымдастырылды. Педагогтер бас қосқан жиын «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өтті. Өңір басшысы ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтап, еселі еңбегі үшін алғысын білдірді. Облыс әкімі өңірде педагог тапшылығын шешу үшін жергілікті білім беру грантының саны жыл сайын артып жатқанын да атап өтті. Биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 43% өскен. Сонымен қатар 81 мұғалімге қызметтік баспана беру қарастырылып отыр.
- Өткен жылмен салыстырғанда өңірде білім саласын қаржыландыру көрсеткіші 17,8%-ке өсті. Жаңа оқу жылына дейін Атырау қаласында үш «Келешек мектебі» мен екі балабақша пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін тағы бір мектеп ашылады. Қазір 11 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Нәтижесінде облыс бойынша қосымша 11 620 оқушы орны ашылады, - деді Атырау облысы әкімі Серік Шапкенов
Облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуов өз баяндамасында білім сапасын арттыруға бағытталған жаңа жобаларға тоқталды. Олардың қатарында мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыруды енгізу, инклюзивті білім беруді дамыту, мектептерді цифрландыру және қауіпсіздік шараларын күшейту, сондай-ақ «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын іске асыру жөнінде айтты. Конференцияның пленарлық сессиясында спикерлер білім беру бағдарламаларын дамытудың негізгі бағыттарына арналған баяндамаларын оқыды.
Жиында ұстаздардың еңбегі еленіп, марапаттарға ие болды. Облыс әкімі Айгүл Жұмабаева ҚР Президентінің «Құрмет» орденін, Ерболат Жұмағазиевке «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады. Сондай-ақ бірқатар ұстазға облыс әкімінің алғыс хаты және министрліктің төсбелгілері мен грамоталары берілді.
Атырау облысы әкімдігінің фотосы