Елімізде мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа тәртібі енгізілмек. Жаңашылдық бірінші сәуірден бастап өз күшіне енеді. Бұл туралы облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті хабарлады. Жаңашылдықтарға сәйкес мемлекеттік қызметке орналасуға арналған конкурс кезеңдері қысқартылған.

Өзгерістерге сәйкес үміткерлер конкурсқа қатысу үшін мемлекеттік тілді білу, заңнама мен жеке қасиеттерін бағалау тестілеуінен өту міндетті шарт. Аталған тестілеудің оң нәтижесі бір жыл ішінде әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға арналған конкурстарға жарамды болады. Талапкерлер Конституция, «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» заңы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» заңы, мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінен сынақ тапсырады.

— Конкурс эссе жазу (басшылық лауазымдарға), конкурстық комиссиясымен әңгімелесу немесе практикалық бағалау, конкурстық комиссиясының қорытындысы кезендерін қамтиды. Конкурстарға өтінімдерді қабылдау (жауап беру) мерзімі жалпы конкурсқа өтінімдерді қабылдау басталған күннен бастап екі жұмыс күнін құрайды және конкурсқа жеке қасиеттерді бағалау нәтижелері бойынша ең жоғары балл жинаған бестен артық емес кандидаттар жіберілетін болады, - деп хабарлады облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті.

Жаңашылдықтарға сәйкес мемлекеттік қызметке орналасу толықтай онлайн форматта жүзеге аспақ. Сала мамандары «Онлайн форматтағы конкурс – уақыт талабы әрі азаматтар үшін жаңа мүмкіндік», – деп баға беруде.

Онлайн платформа арқылы тестілеу, конкурсқа қатысуға өтінім беру, құжаттарды жүктеу және конкурстық кезендерден өту мүмкіндіктері қарастырылған. Цифрлық форматқа адами фактордың ықпалын азайтуға септігін тигізіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді. Жүйе 24/7 форматында жұмыс істейді.