Ақтауда үлескерлердің ақшасын жымқырған сотталды
Сот үкімімен адамдарды алдап соққан адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ақтауда үлескерлердің ақшасын жымқырған тұрғын бес жылға сотталды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді. Заң бұзған тұрғын ешқандай өкілеттігі болмаса да, өзін «СК 2032» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің басшысы ретінде көрсетіп, «МИЗАМ» көпқабатты тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сатуға қатысты тоғыз келісімшарт жасағаны анықталды. Осылайша ол азаматтардың 70 миллион теңге көлеміндегі қаражатын жеке қажеттіліктеріне жұмсапты.
Сот санкциясымен күдіктінің жалпы құны 200 миллион теңге болатын сегіз мың шаршы метр жер теліміне тыйым салынды. Сот үкімімен Корниенко бес жылға бас бостандығынан айырылды. Мүлікке салынған тыйым жәбір көрген жандардың азаматтық талаптарын өтеу үшін пайдаланылмақ.