Ақтөбеде 2025 жылы 168 мың түп көшет отырғызылмақ
Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» акциясына 112 мыңнан астам тұрғыны мен 2,6 мыңнан астам ұйым және кәсіпорын қатысқан.

Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында 39 мыңға жуық аула тазартылып, мыңнан астам әлеуметтік нысан мен 260-қа жуық саябақ және скверлер абаттандырылған. Сондай-ақ 117 су айдыны мен 40 шақырымнан астам арық жағалауы тазартылды. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады. Экоакцияның барысы мен оның ұйымдастырылуына арналған жиында облыс әкімі Асхат Шахаров экологиялық бастамаларға мүмкіндігінше өңір тұрғындарын көп тартудың маңызды екенін тілге тиек етті.
— Таза Қазақстан» акциясы — бұл бір реттік тазалау ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың кешенді жүйелі тәсілі. Қоршаған ортаға деген тәртіп пен тазалықты әр адам өзінің жеке жауапкершілігі екенін түсінуі тиіс. Экожобалар аясында оң нәтижелер бар, бірақ жұмыс істеу керек әлсіз тұстар да жетерлік, — деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Жиында рұқсат етілмеген қоқыс полигондарын жою мәселелері қаралды. Облыс әкімі қоқыс ошақтарын жою қарқынын жеделдетуді тапсырды және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жиі пайда болатын жерлерде бейнебақылау орнату қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ көгалдандыру мәселелері де талқыланды.
Бес жылдық жоспар аясында 2025 жылы 168 000 көшет отырғызу жоспарлануда, оның 43 926 бүгінгі күнге дейін егілді. Қалған жасыл—желектерді егу күз айында жалғастырылмақ. Көшеттер елдімекендер және қалалардың шеткі аумақтарына отырғызылады, осылайша «жасыл белдеу» қалыптастыру жоспары бар. Өңір басшысы жергілікті жерлердегі әкімдерге ағаштарға күтім жасау жұмыстарын күшейтуді және қалған жасыл желектің уақытылы отырғызылуын қамтамасыз етуді тапсырды.